Қостанай облысында “Тәлімгерлік институты” іске қосылды
Қостанай облысында полиция департаменті мен Білім басқармасының бірлесуімен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға және олардың заңға бағыну мінез-құлқын қалыптастыруға бағытталған “Тәлімгерлік институты” пилоттық жобасы жүзеге асырылуда, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Жобаның алғашқы кезеңі Қостанай, Рудный, Лисаковск, Арқалық қалаларындағы, сондай-ақ Қостанай және Жітіқара аудандарындағы 20 білім беру ұйымын — 10 мектеп пен 10 колледжді қамтыды.
Тәлімгер ретінде ішкі істер органдарының ардагерлері тартылды. Олар оқушылармен жұмыс жүргізіп, ерекше назарды тәуекел тобындағы жасөспірімдерге, буллинг мәселелеріне, жанжалдардың алдын алуға және құқық бұзушылықтарға жол бермеуге аударады.
Тәлімгер бала, отбасы, педагогтер мен құқық қорғау органдары арасындағы байланыстырушы буын болады. Бұл туындаған мәселелерді дер кезінде анықтап, жасөспірімдердің құқыққа қайшы әрекеттерге тартылуына жол бермеуге мүмкіндік береді.
Жобаның басты мақсаты — мәселе құқық бұзушылыққа айналмай тұрып, балаға дер кезінде қолдау көрсету.
