Павлодар облысында отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу шаралары күшейтілді
Павлодар облысында отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу шаралары күшейтілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселесі ішкі істер органдарының тұрақты назарында. Павлодар облысының полиция департаменті қылмыстар мен құқық бұзушылықтарға жол бермеуге бағытталған кешенді профилактикалық жұмыстарды жүргізуде.
Құқық бұзушылық жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтау мақсатында тұрмыста құқық бұзушылық жасауға бейім тұлғалардың, сондай-ақ қолайсыз отбасылардың тұрғылықты мекенжайлары бойынша тексеру жұмыстары тұрақты түрде ұйымдастырылады.
Жыл басынан бері Павлодар облысының учаскелік полиция инспекторлары отбасылық жанжал шығаратын тұлғаларға қатысты 3 083 қорғау нұсқамасын шығарды. Сонымен қатар 888 азаматқа ерекше мінез-құлық талаптары белгіленді.
Алкоголизм мен нашақорлықтан зардап шегетін 251 адам мәжбүрлеп емделуге жіберілді. Бұдан бөлек, облыстың 878 тұрғынына алкогольдік ішімдіктерді ішуге тыйым салынды.
Тұрмыстық сипаттағы құқық бұзушылықтардың алдын алу жұмыстарында мемлекеттік органдармен қатар үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимылдың маңызы зор.
Қазіргі таңда полиция органдарымен 3 дағдарыс орталығы бірлесіп жұмыс жүргізуде. Олардың жанында тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен азаматтарды уақытша орналастыруға арналған баспаналар қарастырылған.
Зорлық-зомбылықтан зардап шеккен азаматтар дағдарыс орталықтарына өз бетінше жүгіне алады. Қажет болған жағдайда полиция қызметкерлері оларды тиісті орталықтарға орналастыруға көмек көрсетеді.
Тек биылдың өзінде полиция қызметкерлері қиын өмірлік жағдайға тап болған 63 әйелді дағдарыс орталықтарына жолдады.
Полиция департаменті отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, жәбірленушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтарға жол бермеу бағытындағы профилактикалық жұмыстарды жалғастырады.
