Атырауда түнгі рейд барысында екі мопед жүргізушісі жауапқа тартылды
Атырауда түнгі рейд барысында екі мопед жүргізушісі жауапкершілікке тартылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Атырау қаласында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған рейдтік іс-шаралар жалғасуда. Патрульдік полиция батальонының қызметкерлері мопед және мотоцикл жүргізушілерінің жол қозғалысы талаптарын сақтауына ерекше назар аударып, көлік құралдарын тексеруде.
Мәселен, 6 қыркүйек күні сағат 21:30 шамасында қала аумағында патрульдік полиция қызметкерлері екі мопедті тоқтатып, жүргізушілердің көлік құралдарын басқаруға қажетті жүргізуші куәліктері жоқ екенін анықтады.
Сонымен қатар мопедтердің белгіленген тәртіппен тіркелмегені, қорғаныс құралдарын пайдалану және жолаушы тасымалдау талаптарының сақталмағаны белгілі болды.
Аталған фактілер бойынша екі жүргізуші де қолданыстағы заңнамаға сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Полиция азаматтарды, әсіресе жасөспірімдерді мопед және мотоцикл басқару кезінде жол қозғалысы қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға шақырады. Ата-аналарға балаларын екі дөңгелекті көлік құралын басқаруға жібермес бұрын, олардың қауіпсіздігіне және заң талаптарын сақтауына ерекше мән беру ұсынылады.
Жол қауіпсіздігі – ортақ жауапкершілік.
