Қарағанды облысында "Назар аудар, жаяу жүргінші!" акциясының қорытындысы шығарылды
Қарағанды облысында "Назар аудар, жаяу жүргінші!" акциясының қорытындысы шығарылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қарағанды облысында жаяу жүргіншілердің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алуға және жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға бағытталған республикалық "Назар аудар, жаяу жүргінші!" акциясы аяқталды.
Жыл басынан бері облыс аумағында жаяу жүргіншілерді қағып кетуге байланысты 120 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Оның салдарынан 15 адам қаза тауып, 107 азамат түрлі дәрежедегі дене жарақатын алған.
– Жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында акция барысында полиция қызметкерлері апат қаупі жоғары учаскелерде, жаяу жүргіншілер өткелдері мен қиылыстарда, сондай-ақ мектептер мен адам көп жиналатын орындардың маңында бақылауды күшейтті. Іс-шара кезеңінде жол қозғалысы ережелерін бұзудың 2,5 мыңнан астам фактісі анықталып, жолы кесілді, – деді Қарағанды облысы ПД бастығының орынбасары Жасқайрат Қайыров.
Анықталған құқық бұзушылықтардың қатарында:
- жүргізушілердің жаяу жүргіншілерге жол бермеуінің 97 фактісі;
- жаяу жүргіншілер тарапынан жол қозғалысы ережелерін бұзудың 561 фактісі;
- көлік құралын мас күйінде басқарудың 12 фактісі бар.
Балалардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алуға да ерекше назар аударылды. Полиция қызметкерлері профилактикалық іс-шаралар, тақырыптық сабақтар мен кездесулер өткізіп, балаларға жолдағы қауіпсіздік талаптарын түсіндірді.
Полиция жүргізушілерге жаяу жүргіншілер өткеліне жақындаған кезде жылдамдықты алдын ала төмендетіп, жолдың жүріс бөлігін кесіп өтіп келе жатқан жаяу жүргіншілерге жол беруге дайын болу қажеттігін еске салды.
Өз кезегінде жаяу жүргіншілер жолды тек белгіленген орындардан және бағдаршамның рұқсат беретін сигналы кезінде кесіп өтуі, сондай-ақ жолға шығар алдында қауіпсіздікке көз жеткізуі қажет.
Жол қозғалысы ережелерін сақтау – әрбір адамның қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін маңызды талап. Сондықтан барлық жол қозғалысына қатысушыларды белгіленген ережелерді сақтап, жолдағы қауіпсіздікке жауапкершілікпен қарауға шақырамыз.
Қарағанды облысының полиция департаменті жол-көлік оқиғаларының алдын алу, жол қозғалысы ережелерін бұзудың жолын кесу және жол қозғалысына қатысушылардың жауапты мінез-құлқын қалыптастыру бағытындағы жұмыстарды жалғастырады.
