Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қарағанды облысында полиция автобустарды заңсыз жабдықтаған жүргізушілерді тоқтатты

Қайта жабдықталған автобустар, заңсыз жолаушы тасымалдаған шағын автобустар және қауіпсіздік талаптары сақталмаған көліктер. Жыл басынан бері Қарағанды облысының республикалық маңызы бар автожолдарында жолаушылар тасымалы саласына қатысты 103 заңбұзушылық анықталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Қарағанды облысы ПД патрульдік полиция батальонының қызметкерлері қалааралық және қала сыртындағы бағыттарда жолаушылар тасымалдайтын көліктерге тұрақты түрде бақылау жүргізуде.

Полицияның назарына, ең алдымен, белгіленген талаптарға сәйкес келмейтін және жолаушылардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін көлік құралдары ілігеді.

Жыл басынан бері автобустарды қайта жабдықтап, конструкциясында көзделмеген қосымша жататын орындар – "лежактар" орнатудың 56 фактісі анықталды. Яғни көлік құралының зауыттық конструкциясында қарастырылмаған орындар жолаушыларды тасымалдау үшін пайдаланылған.

Сонымен қатар жолаушыларды заңсыз тасымалдаған шағын автобустар жүргізушілеріне қатысты 47 заңбұзушылық тіркелді. Аталған фактілер бойынша ҚР ӘҚБтК-нің 463-бабына сәйкес тиісті шаралар қабылданды.

Жалпы, анықталған заңбұзушылықтар бойынша 28 көлік құралы арнайы айып тұрағына қойылды.

Полиция қызметкерлерінің айтуынша, мұндай жағдайлар тек техникалық немесе әкімшілік талаптардың бұзылуы ғана емес, жолаушылардың қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін фактор болып табылады. Қауіпсіздік талаптары сақталмаған көлікте жол-көлік оқиғасы орын алған жағдайда жолаушылардың жарақат алу қаупі едәуір артады.

Қарағанды облысы ПД патрульдік полиция батальонының командирі Медет Нұрмұханов жолаушылар тасымалына бақылау тұрақты негізде жүргізілетінін атап өтті.

- Біз тасымалдаушының құжаттарын ғана тексермейміз. Ең бастысы – адамдардың қандай жағдайда тасымалданып жүргеніне назар аударамыз. Автобустың конструкциясында қарастырылмаған орындарға өз бетінше "лежак" орнату жолаушылар үшін қосымша қауіп төндіреді. Көлік кенет тежелген немесе жол-көлік оқиғасы болған жағдайда мұндай орындарда отырған адамдардың жарақат алу қаупі жоғары.

Тасымалдаушылардың табыс табу мақсатында жолаушылардың қауіпсіздігін екінші орынға қоюына жол бермейміз. Сондықтан мұндай фактілердің жолы кесіліп, талаптарды бұза отырып пайдаланылған көліктер жолаушылар тасымалынан шеттетіледі, – деді Медет Нұрмұханов.

Полиция азаматтарды тасымалдаушыны таңдаған кезде мұқият болуға шақырады. Жолақының арзандығына немесе сапарға тез шығу мүмкіндігіне бола қауіпсіздік талаптары сақталмаған көлікті таңдаудың соңы ауыр салдарға әкелуі мүмкін.

Полиция үшін басты көрсеткіш – жасалған хаттамалардың саны емес, жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Қарағанды облысының республикалық маңызы бар автожолдарында жолаушылар тасымалына бақылау жасау жұмыстары жалғасуда.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру