"Есірткіге жол жоқ!": ШҚО жастары есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл мәселелерін талқылады
ШҚО жастары есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл мәселелерін талқылады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Жастар арасында есірткінің зияны туралы мәселені оның зардабы өздеріне немесе жақындарына әсер етпей тұрып түсіндіру маңызды. Осыған орай Өскемен қаласындағы №41 жалпы білім беретін мектепте облыстық жастар форумы өтті.
Іс-шараға жоғары сынып оқушылары, колледж студенттері және жастар ұйымдарының өкілдері қатысты. Қатысушылар есірткі қолданудың салдары, олардың заңсыз айналымы үшін көзделген жауапкершілік, сондай-ақ теріс ықпалға қарсы тұру жолдарын талқылады.
Форум барысында ШҚО полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі Мәди Калиақпаров профилактикалық жұмыстың маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, халық арасында жүйелі түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізу – есірткі қылмысының алдын алудың негізгі бағыттарының бірі. Бұл бағытта түрлі іс-шаралар, семинарлар, дәрістер, дөңгелек үстелдер мен кездесулер тұрақты өткізіледі.
Форум үш тақырыптық алаңда жалғасты. Қатысушылар психологиялық тұрақтылық, қоршаған ортаның ықпалы және тәуелділіктің қалыптасуы мәселелерін талқылап, практикалық тапсырмаларды орындады және пікір алмасты.
Іс-шара барысында жастар профилактикаға қатысты өзекті мәселелер бойынша қажетті ақпарат алып, мамандармен интерактивті форматта пікір бөлісуге мүмкіндік алды.
Профилактика – ең алдымен, адамдармен күнделікті жұмыс жүргізу. Бұл – қауіп-қатер туралы дер кезінде айту, нақты әрі сенімді ақпарат беру және жастардың дұрыс таңдау жасауына ықпал ету.
