Астанада есірткінің алдын алуға бағытталған бұқаралық жүгіру өтті
Астанада "Бір рух – бір қадам" атты бұқаралық жүгіру өтті. Қатысушылар 4 және 7 шақырымдық қашықтықтарды бағындырды. Шараға 1500 адам қатысты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жаппай жүгіруді Сарыарқа ауданының әкімдігі қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасымен бірлесіп, Астана қаласы полиция департаменті мен "Әділет" партиясының қатысуымен ұйымдастырды. Іс-шара "Заң мен тәртіп" тұжырымдамасы және "Астана – есірткісіз қала" жобасы аясында өтті.
Шараның негізгі мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттау, тұрғындарды спортқа тарту және есірткі мен өзге де зиянды әдеттердің алдын алу.

Жүгіру барысында полиция қызметкерлері есірткіні қолдану мен таратудың салдары туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ азаматтарға заң талаптарын сақтау мен жауапты мінез-құлықтың маңызы түсіндірілді.
Ұйымдастырушылар мұндай спорттық шаралар тұрғындарды салауатты өмір салтына тартумен қатар, есірткі мен зиянды әдеттердің алдын алуға ықпал ететінін атап өтті. Полиция департаменті осы бағыттағы профилактикалық жұмыстарды жалғастырады.
