Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Әкеден балаға жалғасқан абыройлы жол

Кейбір мамандықты адам бір рет таңдайды. Ал кейде белгілі бір салаға қызмет ету отбасы тарихының ажырамас бөлігіне айналып, әкеден балаға абырой, адалдық, борыш пен жауапкершілік ұғымдарымен бірге жалғасады. Осындай өнегелі жолды Бисеновтер әулетінің тағдырынан көруге болады, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Отбасының үлкені — ішкі істер органдарының ардагері Құсбек Бабажанов ұзақ жылдар бойы тергеу саласында абыройлы қызмет атқарған. Ал оның ұлы — Азамат Бисенов әке жолын жалғастырып, жедел қызмет пен криминалдық полиция бағытын таңдаған.

Азамат Құсбекұлы ішкі істер органдарындағы қызметін 2015 жылы бастады. 2016 жылдан бастап Орталық полиция бөлімінде жедел уәкіл болып қызмет атқарып, кейін Астана қаласы Полиция департаментінің Криминалдық полиция басқармасында еңбек етті.

2020 жылдан бастап Павлодар облысында қызметін жалғастырды. Осы кезеңде криминалдық полиция бөлімшелерінде, Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасында, Солтүстік полиция бөлімінде және Ақсу қаласы полиция басқармасында түрлі жауапты лауазымдар атқарды.

2025-2026 жылдары Ақсу қаласы полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары қызметін атқарды. Ал 2026 жылғы мамыр айынан бастап Криминалдық полиция басқармасының Екінші бөлімін басқарады.

Әкесінің кәсіби жолы да ішкі істер органдарындағы адал қызметтің жарқын үлгісі. Құсбек Бабажанов еңбек жолын 1991 жылы Павлодар қаласы Индустриялық аудандық ішкі істер бөлімінің тергеушісі қызметінен бастады. Кейін тергеу саласында түрлі лауазымдарды атқарып, Павлодар облысы Ішкі істер департаменті бастығының тергеу жөніндегі орынбасары қызметіне дейін көтерілді.

Оның кәсіби қызметінің елеулі бөлігі аса ауыр қылмыстар мен ұйымдасқан қылмысты тергеуге арналды. Көп жылғы мінсіз қызметі үшін Құсбек Бисенұлы "ІІМ мінсіз қызметі үшін" төсбелгісімен және III дәрежелі "Ішкі істер органдарындағы мінсіз қызметі үшін" медалімен марапатталған.

Бисеновтер отбасы үшін ішкі істер органдарындағы қызмет — жай ғана мамандық емес. Бұл — ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан абыройлы міндет, ел алдындағы жауапкершілік және отбасылық дәстүр.

Әкеден балаға жалғасқан бұл жол — қызметтегі сабақтастықтың ғана емес, Отанға адалдық пен заңға құрметтің де айқын көрінісі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру