Теміртауда аулаға қоқыс тастаған жүргізуші жауапқа тартылды
Теміртауда аулаға қоқыс тастаған жүргізуші жауапқа тартылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Теміртауда бейнебақылау камералары тұрғын үйдің ауласына тұрмыстық қалдық тастаған жүргізушіні анықтауға көмектесті. Оқиға "Таза Қазақстан" акциясы аясында полицияның тұрақты бақылауы барысында тіркелді.
Қалалық бейнебақылау жүйесіне түскен кадрлардан 25 жастағы Mitsubishi Lancer көлігінің жүргізушісі аулаға ескі жиһаз тастағаны анықталды.
Полиция қызметкерлері құқық бұзушыны анықтап, оған қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырды.
Қалдықтарды белгіленбеген жерге тасымалдап, төгу үшін пайдаланылған автокөлік арнайы айыптұраққа қойылды.
Полиция тұрғындарға абаттандыру талаптарын сақтап, тұрмыстық қалдықтарды белгіленбеген орындарға тастамау қажеттігін ескертеді.
Тазалық – ортақ жауапкершілік. Ал құқық бұзушылықтар бейнебақылау камераларының назарынан тыс қалмайды.
