Түнгі рейд: Жетісуда полиция мен прокуратура профилактикалық жұмысты күшейтті
Талдықорған қаласында 7 қазаннан 8 қазанға қараған түні полиция қызметкерлері қала прокуратурасымен бірлесіп, қылмыстар мен әкімшілік құқық бұзушылықтардың алдын алу және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында рейдтік іс-шара өткізді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Рейд барысында 15 ойын-сауық орны тексерілді. Олардың бірінде, атап айтқанда, лаундж-барда темекі өнімдерін тұтынуға қойылған тыйымды бұзу фактісі анықталды. Аталған дерек бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылданды.
Сонымен қатар тексерілген барлық нысан әкімшілерімен заң талаптарын қатаң сақтау және құқық бұзушылықтарға жол бермеу жөнінде профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Патрульдеу кезінде қоғамдық орындарда алкогольдік масаң күйде жүрген бес азамат анықталып, медициналық айықтырғышқа жеткізілді.
Сондай-ақ алкоголь өнімдерін өткізу кезінде заңнама талаптарын бұзу фактісі анықталды.
Профилактикалық есепте тұрған азаматтарға да ерекше назар аударылды. Полиция қызметкерлері олардың тұрғылықты мекенжайлары бойынша 17 адамды тексерді.
Өңірде профилактикалық рейдтер жалғасуда. Полиция мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, құқық бұзушылықтардың алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмысты жүйелі түрде жүргізуде.
