Ұлытау облысында оқушыларға полиция қызметі бойынша кәсіби бағдар берілді
Жасөспірім үшін болашақ мамандықты таңдау — өміріндегі маңызды шешімдердің бірі. Әсіресе жауапкершілігі жоғары, қоғам қауіпсіздігімен тікелей байланысты мамандықты таңдауда жастарға дұрыс бағыт-бағдар берудің маңызы зор. Осы мақсатта Ұлытау облысының білім беру ұйымдарында оқушылармен кәсіби бағдар беру кездесуі өтті. Кездесуді Ұлытау облысы ПД жеке құраммен жұмыс жөніндегі басқармасының бастығы Алдияр Әбішев өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Кездесу барысында оқушыларға ішкі істер органдарының оқу орындарына түсу талаптары, білім алу бағыттары, мамандықтар және курсанттарға ұсынылатын мүмкіндіктер туралы жан-жақты ақпарат берілді. Полиция қызметінің ерекшеліктері, қызметтік тәртіп пен жауапкершіліктің маңызы да түсіндірілді.
Жастар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, ІІМ жүйесінде білім алу, полиция қызметіне орналасу және кәсіби тұрғыда даму мүмкіндіктері туралы мағлұмат алды.
Кездесу тек кәсіби бағдармен шектелмеді. Оқушылармен буллинг пен сталкингтің алдын алу, құрдастар арасындағы сыйластық, заң талаптарын сақтау және құқық бұзушылыққа жол бермеу мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Сонымен қатар жасөспірімдерге "жеңіл ақша" табудың заңсыз жолдарына қызықпау, күмәнді ұсыныстарға сенбеу және кез келген әрекеттің құқықтық салдары болуы мүмкін екені айтылды. Оқушыларға өз қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарап, қиын жағдайға тап болған кезде дер кезінде көмек сұраудың маңыздылығы жеткізілді.
Мұндай кездесулер жастардың құқықтық сауаттылығын арттырып қана қоймай, олардың болашақ мамандығына саналы түрде қарауына мүмкіндік береді. Полиция қызметін таңдаған жас үшін біліммен қатар тәртіп, жауапкершілік, адалдық және адамдарға көмектесуге деген ниет маңызды қасиеттердің бірі.
Кәсіби бағдар беру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын табады. Себебі полиция қызметіне алғашқы қадам — дұрыс мамандық таңдаудан, ал нағыз маман болу — сапалы білім мен жоғары жауапкершіліктен басталады.
