Абай облысында жыл басынан бері жол қозғалысы ережелерін бұзудың 24 мыңға жуық дерегінің жолы кесілді
Абай облысында жыл басынан бері жол қозғалысы ережелерін бұзудың 24 мыңға жуық дерегі анықталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Жолдағы бір сәттік қателік орны толмас өкінішке әкелуі мүмкін. Жыл басынан бері Абай облысында жол қозғалысы ережелерін бұзудың мыңдаған дерегі тіркелді. Олардың қатарында жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен қауіпсіздігіне тікелей қатер төндіретін құқық бұзушылықтар бар.
Атап айтқанда, 21 740 жүргізуші бағдаршамның қызыл түсіне өткен, 2 052 жүргізуші жаяу жүргіншілерге жол бермеген, ал 201 жүргізуші қарсы қозғалыс жолағына шыққан.
Бұл деректердің әрқайсысы жолдағы қауіпсіздікке тікелей әсер етеді. Бағдаршамның қызыл түсіне өту, жаяу жүргіншілерге жол бермеу және қарсы қозғалыс жолағына шығу ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін.
Абай облысы полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы Бауыржан Омаров жол қозғалысы ережелерін сақтаудың маңыздылығын атап өтті.
— Жол қауіпсіздігі әрбір азаматтың саналы таңдауынан басталады. Жүргізушінің асығыстығы, ережені елемеуі немесе өз мүмкіндігін асыра бағалауы басқа адамның өміріне қауіп төндіруі мүмкін. Әрбір жүргізуші жол ережесін сақтауды міндет қана емес, адам өміріне деген құрмет деп қабылдауы керек. Себебі жолда ешкімнің өмірі асығыстықтан артық емес, — деді ол.
Полиция департаменті жүргізушілерді жол қозғалысы қағидаларын қатаң сақтауға, жаяу жүргіншілерге жол беруге және қауіпті маневрлерден бас тартуға шақырады.
