Із кескен маман: көлік полициясы криминалисінің бір күні
Әрбір ашылған қылмыстың артында полиция қызметкерлерінің қажырлы, көбіне көзге көріне бермейтін еңбегі жатыр. Бұл ретте криминалистердің орны ерекше. Оқиға орнын сапалы тексеру, айғақтарды дәл анықтап, заттай дәлелдемелерді дұрыс бекіту маманның кәсібилігіне, тәжірибесі мен әрбір детальға деген мұқияттылығына тікелей байланысты, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Көліктегі полиция департаменті жедел-криминалистикалық басқармасының бас криминалисі Арман Завотпаевтың негізгі міндеті — оқиға орындарын тексеруге техникалық-криминалистикалық тұрғыдан қолдау көрсету. Яғни тергеу үшін маңызды іздер мен нысандарды анықтау, бекіту және алу.

Оның жұмыс күні жедел ақпаратты зерделеуден, арнайы жабдықтардың дайындығын тексеруден басталады. Сонымен қатар ол Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің жедел-қызметтік жұмысты жетілдіруге және криминалистикалық қамтамасыз етудің жаңа стандарттарын енгізуге қатысты өзекті нұсқаулықтарымен танысып отырады.
Маманның айтуынша, оқиға орнына шақырту түскен бойда ең алдымен айғақтарды бекітуге арналған техникалық құралдар мен криминалистикалық чемоданның толықтығы тексеріледі. Оқиға орнында криминалист арнайы білім мен тәжірибеге сүйене отырып, тергеу үшін маңызы бар іздер мен заттай дәлелдемелерді іздеп, оларды белгіленген тәртіппен тіркейді.
Қылмыстың сипатына қарай мамандар қол саусақтары мен аяқ киім іздерін, биологиялық материалдарды, иіс іздерін, баллистикалық нысандарды және өзге де заттай дәлелдемелерді анықтап, жинайды. Әрбір айғақтың дұрыс бекітілуі істің мән-жайын анықтауға және қылмысты ашуға ықпал етеді.
- Көліктегі полиция департаментіндегі қызметтің өзіндік ерекшеліктері бар. Шақырту теміржол учаскесіне, әуежай ғимаратына немесе жолаушылар пойызына түсуі мүмкін. Сондықтан криминалист үнемі жедел әрекет етуге дайын болуы керек. Ол кез келген жағдайда жұмыс істей білуі тиіс: ауа райының қолайсыздығына қарамастан теміржол бойында, пойыз купесінің тар кеңістігінде немесе аумағы бірнеше гектарға созылатын авиациялық оқиға орнында, — дейді Арман Завотпаев.
Қызмет жылдарында полиция подполковнигіне күрделі әрі қоғамда үлкен резонанс тудырған оқиғалар орындарында жұмыс істеуге тура келген. Оның кәсіби тәжірибесінде 2012 жылы Қарағанды қаласында жеті адамның өмірін қиған аса ауыр қылмыс орнын тексеру, сондай-ақ Маңғыстау облысында 30-дан астам адамның қаза болуына әкелген ірі авиациялық апат орнында жұмыс істеу бар.

Криминалист мамандығы нұсқаулықтарды қатаң сақтаумен ғана шектелмейді. Ол үнемі ізденуді, кәсіби білімді жетілдіруді және әрбір шешімге жауапкершілікпен қарауды талап етеді.
- Криминалистика саласында қызмет ету мен үшін жоғары интеллектуалдық әлеует пен қылмысты ашуға деген шығармашылық көзқарастың үйлесімі. Бұл — кәсіби шеберлікті үздіксіз шыңдау мен жеке жауапкершілікті қатар ұстану, — дейді ол.
Арман Завотпаев жас әріптестеріне алғашқы күннен бастап қызметке барынша жауапкершілікпен қарауға, кәсіби дағдыларын үнемі жетілдіруге кеңес береді. Оның пікірінше, криминалистің жұмысы ақиқатты анықтауға және тергеудің әділ жүргізілуіне тікелей ықпал етеді.
Полиция қызметі — жоғары жауапкершілік пен адалдықты талап ететін мамандық. Өз ісінің шебері, сертіне берік қызметкерлердің еңбегі азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және заң үстемдігін нығайтуға үлес қосады. Арман Завотпаевтың кәсіби жолы — осы жауапкершіліктің айқын көрінісі.
Арман Завотпаев ішкі істер органдарында 2007 жылдан бері қызмет етіп келеді. Қазақстан Республикасы ІІМ Қарағанды академиясын тәмамдағаннан кейін Қарағанды қаласындағы аумақтық бөлімшеге жолданған. Ал 2011 жылдан бастап жедел-криминалистикалық бөлімшеде үздіксіз қызмет атқарып келеді.
