Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақтөбе облысында “Қауіпсіз үй” ауқымды жедел-профилактикалық шарасы өткізілуде

5 қазанда басталған “Қауіпсіз үй” ауқымды жедел-профилактикалық шарасы аясында Ақтөбеде қауіпсіздікке кері әсер ететін мекенжайларды анықтау жұмыстары белсенді жүргізіліп жатыр, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Үй аралап тексеру және азаматтардың арыз-шағымдарының негізінде полиция алкогольдік мас күйдегілер жиналатын және тұратын 62 мекенжай бойынша заңды шаралар қабылдады. Олардың ішінде алкогольдік мас күйінде отбасында жанжал шығарушылар және үйіне мас күйдегілерді жинап, көршілерінің тыныштығын бұзатындар бар. Учаскелік инспекторлар құқық бұзушыларға қатысты профилактикалық, әкімшілік және медициналық  сипаттағы шаралар қолданып жатыр. 

Мысалы, Алға қаласының тұрғыны мас күйде отбасылық жанжал шығарғаны үшін 10 тәулікке қамауға алынса, үйлерінде ішімдік ішкен екі ер адамды мәжбүрлеп емдеуге жіберу шаралары қабылдануда. 

Қобда ауданында алкогольге тәуелді 5 тұлғаға қатысты профилактикалық, медициналық сипаттағы шаралармен қатар, оларды жұмыспен қамту шаралары да жүзеге асырылуда. 

Мәртөк, Хромтау, Шалқар, Мұғалжар аудандары бойынша да полиция алгогольдік мас күйде құқық бұзушылық жасауға бейім, әрі үйіне мас күйдегі адамдарды жинап, көршілерінің тыныштығын бұзатын 20 тұрғынға қатысты тексеру жүргізіп, шаралар қабылдады.

“Қауіпсіз үй” республикалық шарасы аясында полиция тұрғындардың ұсыныстарына ерекше назар аударып жатыр. Әсіресе, Ақтөбе қаласының тұрғындарынан мас күйдегі адамдар жиналатын жалдамалы пәтерлер, жатақханалар мен аулалар туралы ақпараттар түсуде. 

Мысалы, Ақтөбе қаласындағы Есет батыр тұрғын алабындағы көпқабатты үйлердің  тұрғындары полицияға тыныштықты бұзу, алкогольдік мас күйдегі адамдардың жиналу деректері туралы хабарлап, бейнекамералар орнату туралы ұсыныстар білдірді.

Қазіргі уақытта полиция құқық бұзушыларға қатысты мәжбурлеп емдеуге жолдауға, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдарға осы ауданда бейнекамераларды көбейту және полицияның жедел басқару орталығына қосу туралы ұсыныстар жолдауда.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру