Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Өкінішке толы тағдыр: Қарағанды облысында сотталғандар студенттерге сыр шертті

Қарағанды облысы және Ұлытау облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бастамасымен есірткіні жасырын орындарға қалдырып, таратқаны үшін сотталғандар мен Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетінің құқықтану мамандығы бойынша білім алып жатқан бірінші курс студенттері арасында телекөпір өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Кездесу барысында департамент бастығы Бекболат Шакиров студенттерге үндеу жасап, әрбір әрекетке жауапкершілікпен қараудың және заңсыз әрекеттерге араласпаудың маңызын атап өтті.

Сонымен қатар комплаенс қызметінің басшысы Сергей Федотов және сотталғандар арасында тәрбие және әлеуметтік-психологиялық жұмыс бөлімінің бастығы Ерлан Бейсекеев сөз сөйледі.

Телекөпірдің негізгі бөлігі жас сотталғандардың ашық әңгімесіне арналды. Олар заңсыз есірткі айналымына қалай тартылғандарын баяндап, өздерінің қате шешімдерінің салдары туралы айтты. Студенттерді өз қателіктерін қайталамауға, күмәнді ұсыныстарға ермеуге және оңай табысқа қызығып, болашағына қауіп төндірмеуге шақырды.

Студенттер әңгімеге белсенді қатысып, өздерін қызықтырған сұрақтарын қойды. Мұндай формат жастарға есірткі қылмысының құқықтық қана емес, адами тұрғыдан да ауыр салдарын түсінуге мүмкіндік берді.

Осындай кездесулердің басты мақсаты — жастар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу, құқықтық мәдениетті қалыптастыру және әрбір адамның өз таңдауы үшін жауапкершілігін арттыру.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру