Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылорда облысында пробация қызметі сотталған азаматқа қолдау көрсетті

Қызылорда облысында пробация қызметінің көмегімен сотталған азамат наркологиялық орталыққа жатқызылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Қызылорда қалалық пробация қызметінің есебінде тұрған азамат өз еркімен облыстық наркологиялық орталыққа жатқызылып, ем қабылдауда. Бұл қадам оның алкогольдік ішімдіктен бас тартып, қалыпты өмірге оралуына бағытталған.

Аталған азамат ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, сот үкімімен 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасына тартылған. Оған пробациялық бақылау белгіленген.

Алкогольдік ішімдікке әуестенген азаматпен пробация қызметінің инспекторы Назерке Меңбаева бірнеше рет түсіндіру жұмыстарын жүргізген. Кейін бос уақытында ішімдік ішуді әдетке айналдырған сотталған азамат пробация қызметкерлерінен көмек сұраған. Нәтижесінде ол өз еркімен емдеу орталығына жатқызылды.

- Қазіргі уақытта азамат емдеу орталығында ем қабылдап жатыр. Біз ай сайын орталықта емделіп жатқан пробация есебіндегі адамдармен тәрбиелік мәні бар кездесулер өткізіп, түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Басты мақсатымыз – олардың қайта қылмыс жасауына жол бермеу, – дейді Назерке Меңбаева.

Өз кезегінде сотталған азамат жасаған қылмысына өкініп, ішімдіктен бас тартуға ниетті екенін жеткізді.

- Өзімнің жасаған қылмысымды мойындаймын. Қателікке бой алдырып, ұрлық жасадым. Ісіме өкінемін және мұндай әрекетті енді қайталамауға уәде беремін. Соңғы уақытта алкогольдік ішімдікті жиі ішіп, отбасымның мазасын алғанымды түсінемін. Кейінгі айларда ішімдікке әуестігім тіпті күшейіп кетті. Сондықтан пробация қызметкерлерінен көмек сұрадым. Өз өтінішіммен емдеу орталығына жатқызылдым. Енді толық ем қабылдап, ішімдіктен біржола бас тартуға шешім қабылдадым, – дейді ол.

Пробация қызметінің басты міндеттерінің бірі – сотталған азаматтардың қайта қылмыс жасауына жол бермеу, оларды қоғамға бейімдеу және түзелуіне қолдау көрсету. Мұндай жұмыстар адамның өмірін оң арнаға бұрып, отбасымен қарым-қатынасын қалпына келтіруге де мүмкіндік береді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру