Полиция ескертеді: қарсы жолаққа шығу – жүргізуші куәлігінен айыруға әкелуі мүмкін
Қарсы қозғалыс жолағына шығу – жол-көлік оқиғаларына себеп болуы мүмкін қауіпті құқық бұзушылықтардың бірі. Мұндай әрекет жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен қауіпсіздігіне қатер төндіреді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Мәселен, Павлодар қаласындағы Қамзин көшесінде BMW автокөлігінің жүргізушісі қарсы қозғалыс жолағына шыққан. Құқық бұзушылық үшін жүргізушіге қатысты тиісті шаралар қабылданып, ол көлік құралын басқару құқығынан алты ай мерзімге айырылды.
Полиция мәліметінше, жыл басынан бері өңірде қарсы қозғалыс жолағына шығудың 540 дерегі анықталып, жолы кесілген. Осылайша, тәртіп сақшылары ықтимал жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталған шаралар қабылдауда.
Полиция жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, қарсы қозғалыс жолағына шықпауға және жолдағы қауіпсіздікке жауапкершілікпен қарауға шақырады.
Әсіресе балалар мекемелері мен оқу орындарының, жаяу жүргіншілер өткелдерінің және қоғамдық көлік аялдамаларының маңында барынша мұқият болу қажет. Жолдағы әрбір қате шешімнің салдары ауыр болуы мүмкін.
