Сараптамалық қызмет және цифрландыру: Жетісу облысы ПД-да жаңа шешімдер талқыланды
Жетісу облысы полиция департаментінің бастығы Сарқытбай Құсаиновтың төрағалығымен сот сараптамасын дамыту, зерттеулердің сапасын арттыру және цифрлық технологияларды енгізу мәселелеріне арналған дөңгелек үстел өтті, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Жиынға полиция бөлімшелерінің басшылары, Жетісу облысы бойынша Сот сараптамалары институтының директоры және мекеме мамандары қатысты.
Талқыланған негізгі мәселелердің бірі – мопедтерді, электр велосипедтерін, электр самокаттарын және қозғалтқышы бар өзге де көлік түрлерін заңдастыру болды. Қатысушыларға олардың техникалық сипаттамаларын анықтау және сараптамалық зерттеулер жүргізу тәртібі түсіндірілді.
Сонымен қатар “Е-Сараптама” ақпараттық жүйесіне ерекше назар аударылды. Аталған жүйені пайдалану құжат айналымын жеделдетуге, бөлімшелер арасындағы өзара іс-қимылды жеңілдетуге және сараптамаларды тағайындау тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, сараптамалық қызметтің нәтижелері мен есірткі құралдарына қатысты істер бойынша зерттеулер жүргізу мәселелері қаралды.
Кездесу қорытындысы бойынша жұмыс үдерістерін одан әрі цифрландыру, сараптамалардың тиімділігін арттыру және полиция мен сараптама мекемелері арасындағы өзара іс-қимылды нығайту бағытында ұсыныстар әзірленді.
