Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматыда жол қауіпсіздігі акциясына 500-ден астам оқушы қатысты

Алматыда жол қауіпсіздігі акциясына 500-ден астам оқушы қатысты, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Алматы қаласының Наурызбай ауданындағы №221 жалпы білім беретін мектепте "Балалар және жол: қауіпсіздік аумағы" атты ауқымды профилактикалық іс-шара өтті. Акцияны қалалық полиция департаменті, прокуратура және Білім басқармасы бірлесіп ұйымдастырды.

"Заң мен тәртіп" қағидаты аясында өткен іс-шараның негізгі мақсаты – балалардың жолдағы қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру және кәмелетке толмағандардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу.

Іс-шара барысында оқушыларға жол-көлік оқиғаларының себептері мен салдары, сондай-ақ түрлі жол жағдайларында қауіпсіз әрекет ету тәртібі түсіндірілді. Автокөліктер, бағдаршамдар мен манекендер қолданылған практикалық сабақтар арқылы жол қозғалысы ережелерін сақтамаудың ықтимал салдары көрсетілді.

Бағдарлама аясында полицияның арнайы техникасы мен жабдықтары таныстырылып, полиция бөлімшелерінің жұмысы көрсетілді. Сонымен қатар арнайы мақсаттағы жедел қимылдайтын жасақ жауынгерлері көрсетілімдік өнерлерін ұсынды.

Алматы қаласы полиция департаментінің бастығы Айдын Кабдулдинов балалардың жолдағы қауіпсіздігі полиция қызметкерлерінің, педагогтер мен ата-аналардың ортақ жауапкершілігі екенін атап өтті.

- Біздің міндетіміз – балаларға жол қозғалысы ережелерін түсіндіріп қана қоймай, оларды күнделікті өмірде дұрыс қолдануға үйрету. Бала жолда жіберілген кішкентай қателіктің өзі қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін екенін түсінуі керек. Сондықтан біз практикалық сабақтарға, нақты мысалдар арқылы түсіндіруге және бала кезден қауіпсіз жүріп-тұру мәдениетін қалыптастыруға басымдық береміз. Бұл – "Заң мен тәртіп" қағидатын іске асырудың маңызды бағыттарының бірі, – деді Айдын Кабдулдинов.

Іс-шараға қала мектептерінен 500-ден астам оқушы қатысты. Мұндай профилактикалық бастамалар жасөспірімдердің жол қозғалысы ережелері жөніндегі білімін арттыруға, сондай-ақ олардың өз қауіпсіздігі мен айналасындағылардың өміріне жауапкершілікпен қарауын қалыптастыруға бағытталған.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру