Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодарда "Жолда қабылдау" акциясы өтіп жатыр

Ішкі істер министрінің тапсырмасына сәйкес, 16-17 қазан күндері Павлодар облысында "Жолда қабылдау" республикалық акциясы өтуде, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Оның негізгі мақсаты – жол-көлік оқиғаларының алдын алу және полиция қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету.

Тікелей эфир барысында полиция қызметкерлері интернет қолданушыларының әкімшілік тәжірибе, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, мемлекеттік қызметтерді алу және полиция органдарының қызметіне қатысты өзге де мәселелер бойынша сұрақтарына жауап берді.

Келіп түскен сауалдар әртүрлі тақырыптарды қамтыды. Атап айтқанда, азаматтар әкімшілік жауапкершіліктің қай жастан басталатынын, бұрын жүргізуші куәлігінен айырылған адамның полицияға жұмысқа орналасу мүмкіндігін, сатылған автокөлікке салық есептеле берген жағдайда қайда жүгіну керектігін және көршілер күндіз қатты музыка тыңдаған кезде қандай шара қолдануға болатынын сұрады.

Полиция қызметкерлері әрбір сауалға толық әрі жан-жақты жауап берді. Instagram әлеуметтік желісінің көптеген қолданушысы өз ұсыныстарын білдіріп, полиция жұмысына алғыстарын жеткізді.

Тәжірибе көрсеткендей, мұндай акциялар азаматтарға кеңес беріп, олардың мәселелерін шешуге көмектесудің тиімді тәсілдерінің бірі болып табылады. Халықпен тұрақты кері байланыс орнату – полицияның барлық бөлімшелері үшін маңызды міндет.

Ведомство өкілдері полиция жұмысының басты басымдықтарының бірі – азаматтардан, соның ішінде онлайн форматта келіп түсетін өтініштер мен хабарламаларға жедел ден қою екенін атап өтті. Өйткені полицияға деген сенімнің негізі – халықпен ашық диалог орнатып, әрбір өтінішке жауапкершілікпен қарау.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру