Ақтөбе облысында "Қауіпсіз үй" іс-шарасы аясында көші-қон заңнамасын бұзудың 90 дерегі тіркелді
Ақтөбе облысында құқық бұзушылықтардың алдын алу, заң талаптарының сақталуын қамтамасыз ету және қоғамдық қауіпсіздікті нығайту мақсатында "Қауіпсіз үй" жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Iс-шара барысында полиция қызметкерлері көші-қон заңнамасының сақталуына, шетел азаматтарының тұрғылықты жерлеріне және олардың Қазақстан Республикасының аумағында болу тәртібіне ерекше назар аударды.
Нәтижесінде көші-қон заңнамасын бұзудың 90 дерегі анықталды. Оның ішінде Қазақстан аумағында заңсыз жүрген 71 шетел азаматы тіркелді. Олардың 37-сін сот тәртібімен елден шығару үшін тиісті құжаттарды рәсімдеу жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар ерекше назар аударуды қажет ететін 841 мекенжай анықталып, оның 660-ында кешенді профилактикалық жұмыстар жүргізілді.
Жалға берілетін тұрғын үйлерді тексеру кезінде 55 дерек анықталып, тиісті ақпарат мемлекеттік кірістер органдарына жолданды.
Іс-шара аясында азаматтық қару иелерінің 1 014-і тексерілді. Нәтижесінде қаруды сақтау қағидаларын бұзудың 7 дерегі және оны тіркеу немесе қайта тіркеу мерзімдерін бұзудың 1 дерегі анықталды. Заң бұзушылықтарға байланысты 51 бірлік қару тәркіленді. Бұдан бөлек, тіркелмеген екі атыс қаруы анықталып, тәркіленді.
Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында да тиісті шаралар қабылданды. Нәтижесінде 54 жасөспірім анықталды. Олардың біреуі алкогольдік ішімдіктер ішкені немесе мас күйде жүргені үшін, сегізі заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз ойын-сауық орындарында болғаны үшін жауапкершілікке тарту мақсатында анықталды. Ал 11 кәмелетке толмаған жасөспірім бейімдеу орталығына орналастырылды.
"Қауіпсіз үй" жедел-профилактикалық іс-шарасының негізгі мақсаты – көші-қон заңнамасының сақталуын бақылау, құқық бұзушылықтардың жолын кесу, қоғамдық тәртіпті сақтау және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Полиция шетел азаматтарын Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтауға, ел аумағында болу мерзімдерін бақылауға және қажетті құжаттарды уақытылы рәсімдеуге шақырады.
