Павлодарда жасөспірімдердің түнгі жүрісіне бақылау күшейді
Павлодарда түнгі рейдтер кезінде ата-анасының қарауынсыз жүрген жасөспірімдер анықталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар облысында кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекторлар күн сайын түнгі рейдтер жүргізеді. Заңнамаға сәйкес, кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз сағат 23:00-ден кейін тұрғынжайдан тыс жерде болуы әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады.
Жыл басынан бері полиция қызметкерлері кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерін әкімшілік жауапкершілікке тартудың 2 593 дерегін тіркеген. Құқық бұзушылықтардың басым бөлігі балалардың түнгі уақытта ойын-сауық орындарында немесе тұрғынжайдан тыс жерде ата-анасының не заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз болуына байланысты.
Мәселен, түнгі рейд барысында сағат 23:50-де қалалық дәмханалардың бірінен заңды өкілдерінің қарауынсыз жүрген екі жасөспірім анықталды. Сол күні компьютерлік клубтан да түнгі уақытта ата-анасының еріп жүруінсіз жүрген тағы екі жасөспірім табылды. Аталған деректер бойынша олардың ата-аналарына қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылды.
Кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық орындарында болуына жол бергені үшін ата-аналармен қатар мекеме иелері де жауапкершілікке тартылады. Ойын-сауық орындарының иелеріне қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылып, материалдар Павлодар облысының ювеналды сотына жолданды.
Полиция қызметкерлері ата-аналарды балаларының қайда жүргенін бақылауда ұстауға шақырады. Өйткені жасөспірімдердің кешкі және түнгі уақытта қараусыз жүруі олардың қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін.
Егер балаңыздың қайда екенін білмесеңіз немесе ол телефон қоңырауларына жауап бермесе, уақыт жоғалтпай, дереу полицияға хабарласыңыз.
