Елімізде көші-қон заңнамасын бұзудың 15,8 мыңнан астам дерегі тоқтатылды
Елімізде “Нелегал” іс-шарасы барысында көші-қон заңнамасын бұзудың 15,8 мыңнан астам дерегі анықталды, — деп хабарлайды Polisia.kz.
5–16 қазан аралығында Қазақстан аумағында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге, көші-қон заңнамасын бұзушылықтардың алдын алуға және жолын кесуге, сондай-ақ шетел азаматтарының елде болу қағидаларын сақтауын бақылауды күшейтуге бағытталған “Нелегал” жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді.
Іс-шара аясында полиция қызметкерлері жеке және заңды тұлғалар арасында профилактикалық жұмыстар жүргізіп, көші-қон заңнамасының талаптарын және оларды бұзғаны үшін көзделген жауапкершілікті түсіндірді. Шетел азаматтарына тұрғын үй беру, оларды тіркеу тәртібін сақтау және шетелдік жұмыс күшін заңсыз тартуға жол бермеу мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар шетел азаматтары шоғырланып тұратын орындар, құрылыс нысандары, базарлар, сондай-ақ шетелдік жұмысшылардың еңбегін пайдаланатын кәсіпорындар мен ұйымдар тексерілді.
Операция қорытындысы бойынша көші-қон заңнамасы саласында 15,8 мыңнан астам құқық бұзушылықтың жолы кесілді.
Қазақстанда болу қағидаларын бұзғаны үшін 7 595 шетел азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Еңбек қызметін заңсыз жүзеге асырғаны үшін тағы 3 899 шетел азаматына қатысты шаралар қабылданды. Тиісті рұқсаттарсыз шетелдік жұмыс күшін тартқаны үшін 815 жұмыс берушіге қатысты шаралар қолданылды. Сондай-ақ шетел азаматтарының өздерінде болуы туралы ішкі істер органдарына уақтылы хабарламаған 3 533 жеке және заңды тұлға жауапкершілікке тартылды.
Соттар көші-қон заңнамасын бұзған адамдарды Қазақстан аумағынан шығару туралы 2 243 шешім шығарды. Бұдан бөлек, елде одан әрі болуына жол берілмейді деп танылған 2 479 шетел азаматының елде болу мерзімі қысқартылды.
Мәжбүрлеп елден шығару шарасы 236 шетел азаматына қатысты орындалды. Олардың барлығына Қазақстанға бес жыл мерзімге кіруге тыйым салынды.
Тексеру барысында мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өткен 14 шетел азаматы да анықталды. Аталған фактілер бойынша шекара қызметімен бірлесіп тергеп-тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Сонымен қатар іздеуде жүрген және өз мемлекеттерінің құқық қорғау органдарынан Қазақстан аумағында жасырынып жүрген 62 шетел азаматы ұсталды.
Анықталған құқық бұзушылықтарды талдау заңсыз көші-қонның негізгі себептерінің бірі жекелеген азаматтардың заңда белгіленген талаптарды айналып өтіп, тез пайда табуға ұмтылуы екенін көрсетеді.
Бірқатар жағдайда шетелдіктердің елге заңсыз кіруіне Қазақстан азаматтарының өздері ықпал етіп, олардың елде болуын ұйымдастырады, тұрғын үймен қамтамасыз етеді және қажетті рұқсат құжаттарынсыз еңбек қызметіне тартады.
Мәселен, Алматы облысында көші-қон заңнамасын бұзған шетелдіктерге тұрғын үй беріп, заңсыз көші-қонды ұйымдастырды деген күдікпен Қазақстан азаматы ұсталды. Осындай фактілер Жамбыл және Павлодар облыстарында да анықталды.
Операция барысында шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланудың жолын кесуге ерекше назар аударылды.
Мәселен, Шымкент қаласындағы құрылыс нысандарының бірінде тиісті рұқсаттарсыз еңбек қызметін жүзеге асырған 40-қа жуық шетел азаматы анықталды.
Осындай заң бұзушылықтар Алматы қаласында, сондай-ақ Қарағанды, Алматы, Атырау, Маңғыстау, Шығыс Қазақстан, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында да тіркелді. Барлық жағдайда шетелдік жұмысшылар мен жұмыс берушілерге қатысты заңнамада көзделген шаралар қабылданды.
Бұдан бөлек, бір жыл ішінде шетелдік жұмыс күшін тартудың белгіленген тәртібін екі немесе одан да көп рет бұзған 10 жұмыс берушіге қатысты тергеп-тексеру басталды. Қайталанған құқық бұзушылықтар үшін оларға Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қылмыстық жауапкершілік көзделген.
Сондай-ақ қоғамдық тәртіпті жүйелі түрде бұзатын және елде белгіленген мінез-құлық нормаларын құрметтемейтін шетел азаматтарына ерекше назар аударылды.
Атап айтқанда, көші-қон заңнамасын бұзуға қатысы жоқ, алайда бірнеше рет өзге де құқық бұзушылықтар жасаған, соның ішінде балағат сөздер айтып, қоғамдық тәртіпті бұзған адамдар туралы сөз болып отыр.
Мұндай азаматтарды Қазақстан аумағынан шығару туралы полиция соттарға 31 өтінішхат жолдады. Тиісті шараларды қолдану бастамасы Шымкент қаласында, Алматы қаласында, сондай-ақ Абай, Ақтөбе, Алматы, Маңғыстау, Қостанай және Түркістан облыстарында көтерілді.
Егер соттар елден шығару туралы шешім қабылдаса, аталған шетел азаматтарына Қазақстан аумағына бес жыл мерзімге кіруге тыйым салынады.
Полиция көші-қон заңнамасын бұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу, заңсыз көші-қон арналарының жолын анықтау, сондай-ақ құқыққа қайшы әрекеттерге ықпал ететін адамдарды жауапкершілікке тарту бағытындағы жүйелі жұмыстарды жалғастыруда.
Қазақстан Республикасының аумағында жүрген әрбір адам азаматтығына қарамастан, ел заңдарын сақтауға міндетті.
