Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Оралда халықаралық басылымға мақала жариялауға көмектесемін деп оқытушыларды алдаған күдікті анықталды

Батыс Қазақстан облысында ғылыми мақалаларды халықаралық Scopus дерекқорына жариялап беруге уәде етіп, бірнеше адамнан ақша алған күдікті анықталды. Бұл туралы полицияға Орал қаласының тұрғыны арызданған, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Қыркүйек айында полицияға жүгінген азамат шілде айында Ы. есімді адамның ғылыми мақаласын халықаралық басылымда жариялап беруге уәде етіп, ақшасын алғанын хабарлаған.

Тексеру барысында күдіктінің бұған дейін де бірнеше адамды алдағаны белгілі болды. Атап айтқанда, ол Орал қаласындағы бірнеше жоғары оқу орнының оқытушыларынан ғылыми мақалаларын Scopus базасына енгізуге көмектесетінін айтып, әрқайсысынан 160–200 мың теңге аралығында ақша алған.

Жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде күдіктінің жеке басы анықталды. Ол — Алматы қаласының 39 жастағы тұрғыны.

Қазіргі уақытта аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.

Осыған байланысты полиция азаматтарды бейтаныс адамдардың уәдесіне сене бермеуге және қызмет көрсетілмей тұрып ақша аудармауға шақырады. Ғылыми мақалаларды жариялау мәселесінде тек ресми баспалармен және университеттердің тиісті бөлімдерімен жұмыс істеу ұсынылады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру