Елорда базарларының бірінде тұрғынның сөмкесінен телефон ұрлаған күдікті ұсталды
Елорда базарларының бірінде әйел адамның сөмкесінен телефон ұрлаған күдікті ұсталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Астана қаласындағы базарлардың бірінде ұрлық дерегі тіркелді. Оқиға кезінде көкөніс сатып алып жүрген әйел адамның сөмкесінен iPhone 16 телефоны ұрланған.
Жәбірленушіге келтірілген материалдық шығын көлемі шамамен 400 мың теңгені құрады. Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Астана қаласы полиция департаментінің жедел іздестіру бөлімінің қызметкерлері күдіктінің ұстады. Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша тиісті тергеу амалдары жүргізілуде.
Полиция азаматтарды қоғамдық орындарда, әсіресе базарлар мен адам көп шоғырланатын жерлерде жеке мүлікке мұқият болуға шақырады. Сөмке, әмиян және ұялы телефон секілді бағалы заттарды көзден таса қалдырмай, оларды сыртқы қалталарға салмаған жөн екенін ескертеді.
