Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

ШҚО-да полиция самокатты бүлдірген оқушыларды анықтады

Өскеменде көшеде қалдырылған самокатты теуіп, бүлдірген екі оқушы анықталды. Оқиғаға қатысы бар балалардың екеуі де 10 жаста, қалалық мектептердің бірінде төртінші сыныпта оқиды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Үлбі полиция бөлімінің қызметкерлері оқиғаны тексеру барысында балалардың кім екенін анықтаған. Белгілі болғандай, олар көшеде тұрған самокаттың жанынан өтіп кетпей, оны аяқтарымен теуіп, бөтеннің мүлкіне зиян келтірген.

Полиция қызметкерлері кәмелетке толмағандармен профилактикалық әңгіме жүргізіп, өзгенің мүлкін бүлдіруге болмайтынын және әр адамның жеке меншігіне құрметпен қарау керектігін түсіндірді.

Ал балалардың заңды өкілдеріне қатысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 127-бабы бойынша әкімшілік іс жүргізу басталды. Бұл бап кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу, оқыту, олардың құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді орындамауға қатысты.

Полиция өкілдері ата-аналарды балалардың тәрбиесіне баса назар аударуға шақырады. Өйткені баланың еркелігі немесе орынсыз қызығушылығы өзгенің мүлкіне зиян келтіруге ақтау бола алмайды. Балаларға әрбір әрекеттің салдары бар екенін кішкентайынан түсіндіріп, өзгенің еңбегі мен мүлкін бағалауды үйрету маңызды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру