Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО-да полицейлер "робот-иттерді" қолдана бастады

СҚО-да полицейлер "робот-иттерді" қолдана бастады, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер жасанды интеллект элементтері бар жерүсті ұшқышсыз аппараттарын пайдалануға кірісті. Олардың бірінің алғашқы сынақ жұмысы Петропавлдағы "Dostyq Mall" сауда-ойын-сауық орталығына келушілер үшін тосынсый болды. Әсіресе балалар төрт аяқты роботқа ерекше қызығушылық танытты.

Лидарлармен (лазерлік қашықтық өлшегіштермен) жабдықталған "робот-ит" келушілер көп жүретін жерде еркін қозғалады. 360 градусқа шолу мүмкіндігінің арқасында ол адамдардың бет-бейнесін тіркеп, оларды іздеуде жүрген қылмыскерлер мен хабар-ошарсыз кеткен азаматтардың дерекқорларындағы мәліметтермен салыстыра алады.

Әзірге роботтардың негізгі міндеті – құқық бұзушылықтардың алдын алу. Олар дауыс зорайтқыш құрылғылармен жабдықталған және адамдарға интернет-алаяқтық қаупі туралы ескерту жасайды. Қала тұрғындарының роботтарға ерекше назар аударатынын ескерсек, профилактикалық ақпаратты кең аудиторияға жеткізуге мүмкіндік бар.

Бұдан бөлек, "робот-иттерді" адам бара алмайтын немесе өмірі мен денсаулығына қауіп төнетін жерлерде пайдалануға болады. Ал газ талдағышпен жабдықталған жағдайда, олар тыйым салынған заттарды іздеуге де жарамды. Екі аккумулятор роботтардың толық жұмыс күні бойы кезекшілікте болуына мүмкіндік береді.

СҚО ПД бастығының орынбасары Дархан Наурызбаевтың айтуынша, мұндай роботтар – кәдімгі дронды қолдану мүмкін емес жағдайларда міндеттерді орындауға қабілетті жоғары технологиялық құралдар. Қазіргі уақытта СҚО полицейлерінің иелігінде осындай екі робот бар. Оларды сатып алу Қазақстанда Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жарияланған 2026 жылы департамент үшін маңызды оқиғалардың бірі болды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру