Астана тұрғындары QR-код арқылы полицияға құқық бұзушылықтар туралы хабарлай алады
Астанада қоғамдық қауіпсіздік деңгейін арттыру және полицияның тұрғындармен өзара байланысын нығайту мақсатында "Қауіпсіз үй" жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр. Кері байланысты тиімді қамтамасыз ету үшін QR-кодтар әзірленді. Олардың көмегімен тұрғындар тұрғын үй кешендері мен аула аумақтарындағы қауіпсіздікке қатысты ұсыныстарын жолдап, өзекті мәселелер туралы полицияға хабарлай алады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазіргі уақытта QR-кодтар арқылы бірқатар өтініш келіп түсті. Олардың негізінде полиция қызметкерлері тексеру жүргізіп, құқық бұзушылықтарды анықтады.
Мәселен, азаматтардың бірінің хабарламасы негізінде қоғамдық көлікте болған 52 жастағы ер адам анықталды. Ол автобуста насыбай қолданып, оны көлік салонына түкіріп, қоғамдық орынды ластаған. Аталған факті бойынша ер адамға ұсақ бұзақылық жасағаны үшін заң аясында шара қолданылды. Ол уақытша ұстау бөлмесіне қамалды. Сот шешімімен оған 10 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алу жазасы тағайындалды.
Тағы бір өтінішті тексеру барысында елорданың тұрғын үй кешендерінің бірінде сот белгілеген ерекше талаптарды бұзған 43 жастағы ер адам анықталды. Сот шешімімен оған 10 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алу жазасы тағайындалды.
Сонымен қатар тұрғын үй кешенінің 8 және 9-қабаттары арасындағы ортақ пайдаланылатын балконда балық тазалап, ортақ аумақты ластаған 44 жастағы елорда тұрғыны анықталды. Аталған факті бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, тиісті шешім қабылдау үшін материалдар сотқа жолданды.
Полиция тұрғындарды қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге белсенді қатысуға, QR-кодтар арқылы өтініш жолдауға және назар аударуды қажет ететін мәселелер туралы хабарлауға шақырады.
Тұрғындардың бейжай қарамауы мен полицияның бірлескен жұмысы құқық бұзушылықтарды дер кезінде анықтауға және елордада баршаға қауіпсіз әрі жайлы орта қалыптастыруға мүмкіндік береді.
