Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Абай облысында тағы бір "Жас сақшы" сыныбы ашылды

25 қазан – Республика күніне орай Жарма ауданының Бақыршық орта мектебінде "Адал азамат" біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында "Заң мен тәртіп" жобасын іске асыру мақсатында "Жас сақшы" сыныбы ашылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жаңа сыныптың құрамына 14 оқушы қабылданды. Бастаманың негізгі мақсаты – оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттыру, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу және азаматтық жауапкершілікті қалыптастыру.

"Жас сақшы" сыныбы оқушылардың құқықтары мен міндеттерін түсінуіне, қоғамдық тәртіпті сақтауға, қауіпсіздік ережелерін білуіне және заң талаптарын орындаудың маңызын түсінуіне бағытталған. Сонымен қатар оқушылардың бойында тәртіп, жауапкершілік, адалдық және қоғамға құрметпен қарау қасиеттерін дамытуға басымдық беріледі.

Сынып жұмысы барысында оқушылардың құқықтық білімін жетілдіруге, заң талаптарын күнделікті өмірде қолдануға және түрлі құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған тәрбиелік іс-шаралар ұйымдастыру көзделеді. Мұндай жұмыстар жасөспірімдердің құқықтық мәдениетін қалыптастырып, өз әрекеттеріне жауапкершілікпен қарауына ықпал етеді.

"Жас сақшы" сыныбының ашылуы – мектептегі тәрбие жұмысын жетілдіруге және оқушылар арасында "Заң мен тәртіп" қағидатын насихаттауға бағытталған маңызды бастама. Жоба аясында оқушылардың заңға құрметі артып, қоғамдық ортада тәртіп сақтау мен азаматтық міндеттерді орындаудың маңызын түсінуіне жағдай жасалады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру