Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодар облысында үздік полиция қызметкерлері марапатталды

Павлодар облысында үздік полиция қызметкерлері марапатталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Павлодардағы "Шаңырақ" мәдени-демалыс орталығында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі мен ұлттық бірлігін, елдің даму жолындағы ұмтылысын бейнелейтін басты мемлекеттік мерекелердің бірі – Республика күніне арналған салтанатты іс-шара өтті.

Мерекелік жиынға Павлодар облысы полиция департаментінің жеке құрамы мен ішкі істер органдарының ардагерлері қатысты.

Жиында облыстық полиция ведомствосы бастығының бірінші орынбасары Алмаз Төкенов қатысушыларға құттықтау сөз сөйледі. Ол қоғамдық тәртіпті сақтау мен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде полиция қызметкерлерінің атқарып жүрген жұмысының маңыздылығын атап өтіп, ведомство қызметкерлерінің кәсіби шеберлігіне жоғары баға берді.

– Құрметті ардагерлер, қадірлі әріптестер! Республика күні – Қазақстан тарихында айрықша орын алатын мереке. Бұл күн еліміздің дербестікке қадам басып, мемлекеттік тәуелсіздігін нығайту кезеңін білдіреді. Полиция қызметкерлері қоғамдық тәртіпті сақтау, азаматтардың қауіпсіздігі мен еліміздегі тыныштықты қамтамасыз ету ісіне елеулі үлес қосып келеді. Тәуелсіз Қазақстанның құқық қорғау жүйесінің қалыптасуына үлес қосқан ардагерлерге ерекше құрмет білдіреміз. Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, қызметтеріңізге табыс тілеймін! Еліміз тыныш, халқымыз бірлігі бекем, ынтымағы жарасқан ел болсын! – деді Алмаз Тілегенұлы өз сөзінде.

Салтанатты шараның ең әсерлі сәттерінің бірі – қызметтік міндеттерін абыроймен атқарып, жоғары нәтижелерге қол жеткізген полиция қызметкерлерін марапаттау рәсімі болды.
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің бұйрығымен ішкі істер органдарындағы адал қызметі, қызметтік міндеттерін орындаудағы жоғары көрсеткіштері және Республика күніне орай Әлия Ниязоваға, Әмір Әденовке, Дәулет Ғабдуллаға және Әсел Тұрсынғалиеваға полиция подполковнигі арнайы атағы берілді. Ал Айнагүл Ахметоваға полиция майоры арнайы атағы берілді.

"Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін" медалімен Асхат Әбетжанов, Мекен Еркебұлан, Әділбек Сабданбеков және Болатбек Досмағамбет марапатталды.

"Ішкі істер органдарының үздігі" төсбелгісі Рүстем Жетпісбайға табысталды.
Данияр Қазиға Ішкі істер министрлігінің грамотасы берілсе, Ерсұлтан Ахметжан министрліктің алғыс хатымен марапатталды.

Сондай-ақ департамент бастығының бұйрығымен қызметтік міндеттерін атқаруда жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген 150 полиция қызметкері грамота және алғыс хаттармен марапатталды. Олардың қатарында Арман Асаинов, Арыстан Асылханов, Нұрбек Жұмажанов, Гүлмира Әдепбаева, Мадина Бекен және Зейнеш Насип бар.

– Мен үшін бұл – үлкен мәртебе әрі көп жылғы еңбегіме берілген баға. Басшылыққа алғысымды білдіремін. Елімізге бейбітшілік, бірлік пен береке тілеймін, – деп өз әсерімен бөлісті Хасен Ахметов.

Салтанатты жиын мерекелік концертпен қорытындыланды. Әсем әуендер, патриоттық әндер мен жүрекжарды құттықтаулар мерекенің ерекше атмосферасын қалыптастырып, қатысушыларға елге деген мақтаныш пен бірлік рухын сыйлады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру