Көліктегі полиция департаментінде мерекелік іс-шара өтті
Көліктегі полиция департаментінде Республика күніне орай салтанатты іс-шара өтті. Оған департамент басшылығы мен жеке құрамы, сондай-ақ ішкі істер органдарының ардагерлері қатысты, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Мерекелік іс-шараны ашқан көліктегі ПД бастығы Абзал Жұматаев жиналғандарды ұлық мерекемен құттықтап, 1990 жылғы 25 қазанда Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның қабылдануының тарихи маңызына – тәуелсіз Қазақстанның құрылуы жолындағы шешуші қадам болғанына тоқталды.

- Республика күні – бұл егмендігімізді нығайтып, бірлігімізді бекемдейтін ұлттық мереке. Ғасырлар бойы азаттық аңсаған ата-бабаларымыздың ерен ерліктері біз үшін, әрдайым отансүйгіштіктің жарқын үлгісі болып қала береді. Тәуелсіздігімізді ұлықтап, мемлекеттігімізді нығайу – әрқайсымыздың қасиетті борышымыз. Көлік полицейлері алдағы уақытта да қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қорғауда өздеріне жүктелген міндеттерді абыроймен атқарып, азаматтардың тыныштығы мен елдегі тұрақтылықты нығайтуға елеулі үлес қосатынына сенемін, – деді Абзал Жұматаев.
Бас көлік полицейі қатысушыларға зор денсаулық, амандық және Отанымыздың игілігі жолындағы қызметтеріне сәттілік тіледі.

Салтанатты шарада ҚР Ішкі істер министрі мен департамент бастығының бұйрықтарына сәйкес кәсіби шеберлігімен, қызметтік міндеттерін адал атқарып, жоғары нәтижелерімен ерекшеленген 120-дан аса қызметкерге арнаулы атақтар беріліп, құрмет грамоталары және алғыс хаттармен марапатталды.

Марапатталғандардың қатарында көліктегі ПД криминалдық полиция басқармасы бастығының орынбасары Әнуар Ескендіров те бар. Республика күніне орай оған мерзімінен бұрын полковник шені берілді. Ануар Мейрамұлы ішкі істер органдарында 18 жылдан астам уақыт қызмет етіп, ондаған ауыр және аса ауыр қылмыстарды ашуға үлес қосты.

Сонымен қатар ішкі істер органдарында 2008 жылдан бері қызмет етіп келе жатқан, департаменттің кинологиялық қызмет орталығының қызметкері Гүлжанат Дауылбаева да атап өтілді. Ол қызмет еткен жылдары өзін жауапкершілігі жоғары, тыянақты, тәртіпті әрі білікті маман ретінде көрсете білді.

Іс-шара мерекелік концертпен қорытындыланды. Концерт қатысушыларға ел тарихы мен мемлекеттілігін құрметтеудің, сондай-ақ құқықтық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін күн сайын қамтамасыз етіп жүрген қызметкерлердің еңбегін бағалаудың маңызын тағы бір мәрте айшықтады.
