Павлодар облысында жасөспірімдерге қатысты профилактикалық рейдтер жалғасуда
Павлодар облысында полицейлер кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу және оларға қарсы заңсыз әрекеттердің жолын кесу мақсатында күнделікті рейдтер жүргізіп келеді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Жыл басынан бері полиция қызметкерлері заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта тұрғын үйден тыс жерде жүрген 2 670 дерегін анықтады. Осыған байланысты заңды өкілдеріне қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылды. Ал жасөспірімдермен белгіленген талаптарды сақтау және құқық бұзушылықтарға жол бермеу туралы профилактикалық әңгімелер жүргізілді.
Мәселен, Екібастұз қаласында сағат 23:20-да ойын-сауық орындарының бірінде кәмелетке толмаған жасөспірімнің заңды өкілінсіз жүргені анықталды. Осы дерек бойынша оның заңды өкілі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар мекеме әкімшісіне қатысты да әкімшілік материал толтырылды.
Полицейлер ата-аналарға балаларының бос уақытын бақылап, қауіпсіздігіне ерекше назар аударуды ескертеді. Кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ересектердің еріп жүруінсіз көшеде болуы олардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін.
