Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақтауда синтетикалық есірткі таратумен айналысқан күдіктілер ұсталды

Маңғыстау облысында полицейлер 200 грамға жуық синтетикалық есірткі тәркіледі, - деп хабарлайды Polisia.kz.

28 қазанда Ақтау қаласында Маңғыстау облысы полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері басқа да полиция бөлімшелерімен бірлесіп, "Қарасора - 2026" жедел-профилактикалық іс-шаралары аясында синтетикалық есірткінің заңсыз айналымына тосқауыл қойды.

Ақтау қаласының 28А шағынауданында полицейлер ішінде үш адам болған Toyota Camry автокөлігін тоқтатты.

Күдіктілердің бірінің ұялы телефонын тексеру кезінде болжамды куратормен жазысқан хат-хабарлары мен есірткі жасырылған орындардың координаттары анықталды.

Жедел іс-шараларды жалғастырған полицейлер Мұнайлы ауданына қарасты Батыр ауылының шетінен тоғыз жасырын орынды тапты. Олардан жалпы салмағы шамамен 170 грамм болатын, құрамында синтетикалық есірткі – альфа-PVP болуы мүмкін ұнтақ тәрізді зат салынған 170 орама тәркіленді.

Бұдан бөлек, күдіктілердің бірінің пәтерін тінту кезінде осындай зат салынған, жалпы салмағы шамамен 30 грамм болатын тағы 30 орама табылды. Сондай-ақ электронды таразы мен қаптама материалдары тәркіленді.

Осылайша, тәркіленген заттардың жалпы салмағы шамамен 200 грамды құрады.

Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 297-бабымен қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасуда.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру