"Қауіпсіз үй" ЖПІШ: Қызылорда облысында жаза өтеу тәртібін бұзған сотталған түзеу мекемесіне жіберілді
"Қауіпсіз үй" республикалық профилактикалық іс-шарасы аясында Байқоңыр қалалық пробация қызметінің есебінде тұрған азамат бас бостандығын шектеу жазасын өтеу тәртібін қасақана бұзғаны үшін түзеу мекемесіне жіберілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Атап айтқанда, Байқоңыр қалалық сотының үкімімен ұрлық жасағаны үшін үш жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасына сотталған С. есімді азамат пробация есебіне алынғаннан кейінгі төрт ай ішінде бірнеше рет тәртіп бұзған. Оған жазбаша ескертулер берілгеніне қарамастан, ол қоғамдық тәртіп пен имандылыққа қол сұғатын екі әкімшілік құқық бұзушылық жасаған.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық-атқару кодексінің талаптарына сәйкес, бас бостандығын шектеу жазасын өтеу кезінде қоғамдық тәртіп пен имандылыққа қол сұғатын әкімшілік құқық бұзушылықтарды бірнеше рет жасау жазаны өтеу тәртібін қасақана бұзу болып саналады.
Осыған байланысты Байқоңыр қалалық пробация қызметі сотталғанның бас бостандығын шектеу жазасын бас бостандығынан айыру жазасына ауыстыру туралы сотқа ұсыным жолдады.
Сот қаулысымен оның өтелмеген бір жыл жеті ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы дәл осы мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылды. Енді ол жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемесінде өтейді.
Сот қаулысы заңды күшіне енді.
