Жамбыл облысында мас күйде көлік тізгіндеген жас жігіт қамауға алынды
Жамбыл облысында мас күйде көлік тізгіндеген жас жігіт қамауға алынды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
3 қараша күні сағат 01:29 шамасында Тәуке хан көшесіндегі "Қазақ хандығы" монументінің алдындағы тұрақ алаңында Жамбыл облысы полиция департаменті жедел басқару орталығының бейнебақылау инспекторлары ВАЗ-21099 автокөлігінің жанында тұрған бес ер адамның күдікті әрекетін байқады.
Ақпарат дереу полиция жасағына тексеру үшін берілді.
Тексеру барысында 21 жастағы жүргізушінің алкогольдік масаң күйде екені анықталды. Автокөлік арнайы айып тұрағына қамалды.
Соттың шешімімен жас жігіт 7 жыл мерзімге көлік басқару құқығынан айырылып, әкімшілік қамауға алынды.
Бұл жағдай заманауи технологиялар полицияға құқық бұзушылықтарды тіркеп қана қоймай, азаматтардың қауіпсіздігіне төнетін қауіп-қатерлердің алдын алуға мүмкіндік беретінін тағы да дәлелдейді.
