БҚО-да тағы бір “Жас сақшы” сыныбы ашылды
БҚО Жаңақала ауданында тағы бір “Жас сақшы” сыныбы ашылды, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Жаңақала ауданының Жаңақазан ауылдық мектебінде екінші “Жас сақшы” сыныбы ашылды. Бұған дейін дәл осы аудан орталығындағы гимназия мектебінде “Жас сақшы” сыныбы мамыр айында ашылған еді.
— Мұнда білім алатын оқушылар үшін бұл сынып білім алумен қатар тәртіпті сақтауға, жауапкершілікке, Отанды сүюге және елге қызмет етуге баулитын орта болады. Сонымен қатар алдағы уақытта ішкі істер органдарының жоғары оқу орындарына оқуға түсер кезде жас сақшыларға басымдық беріледі, - атап өтті БҚО ПД бастығының орынбасары Қадыржан Сағын.
Жалпы Батыс Қазақстан облысында 12 “Жас сақшы” сыныбы бар. Жуырда жас сақшылардың арасында “Айбынды сақшылар додасы” атты спорттық іс-шара өткізіліп, Жаңақала аудандық “Жас сақшы” сыныбы топ жарып, бірінші орын алды.
Жаңа сыныпқа Ұлы Отан соғысының және ішкі істер органдарының ардагері Ораз Айтқалиевтің есімі беріліп отыр. Ораз Айтқалиев – Отан қорғап, кейін өмірін елдің тыныштығы мен қауіпсіздігіне арнаған құрметті азамат, “Үздік қызметі үшін” және “Еңбек ері” медальдарымен марапатталған. Жаңақазан ауылында учаскелік полиция инспекторы қызметін атқарған.
Бүгінгі қуанышты естелік сәтке ардагердің отбасы атынан келіні Айтқалиева Гүлпира Оразбайқызы және немерелері Ерболат Маратұлы, Мейрамгүл Мүсірқызы, Әсем Жасқайратқызы, шөбересі Мерей Ерболатұлы арнайы қатысып, аталарының есімі ұлықталғанына алғыстарын білдірді.
Сондай-ақ шараға ауданның құрметті ардагер ұстазы Нұрсұлу Ғалимоллақызы шақырылып, БҚО ПД бастығының алғыс хатымен марапатталды.
“Жас сақшылар” қатарына 9-сыныптардың 13 оқушысы енгізілді. Салтанатты жиын барысында оқушыларды “Жас сақшы” қатарына қабылдау және уәде беру рәсімі өтті. Жас сақшылар мектеп тәртібін сақтауға, білімге ұмтылуға, ел тыныштығын сақтау ісіне араласуға, Отанын сүюге және елге адал қызмет етуге уәде берді.
