Жамбыл облысында полицейлер ірі мал ұрлығына тосқауыл қойды
Жамбыл облысының криминалдық полиция қызметкерлері жедел әрекет етіп, ұсақ мал ұрлығына қатысы бар екі күдіктіні қолға түсірді. Күдіктілер ұрланған малды Түркістан облысындағы базарға жеткізуді жоспарланған, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Мал ұрлығы Байзақ ауданының Сарыбарақ ауылындағы шаруа қожалығының қорасынан түнгі уақытта жасалған. Қожайынның жоқтығын пайдаланған күдіктілер қойларды көршілес қараусыз қалған шаруа қожалығының аумағына айдап апарған. Кейін малды жүк көлігіне тиеп, күдіктілердің бірінің үйіне жеткізген. Жәбірленушінің айтуынша, барлығы 300 бас мал ұрланған.
Жедел-іздестіру шаралары барысында полицейлер оқиға орнындағы іздер мен жүк көлігінің дөңгелек протекторларының таңбаларын мұқият зерттеген.
Көлік пен күдіктілердің жеке басы анықталғаннан кейін жедел басқару орталығының бейнебақылау камералары арқылы ұрланған малды Түркістан облысына әкету әрекетінің жолы кесілді. Нәтижесінде тасжолда қой тиелген екі жүк көлігі тоқтатылды.
Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 188-1-бабының 4-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Полицейлердің үйлесімді жұмысының нәтижесінде ұрланған малды басқа өңірге әкету әрекетіне дер кезінде тосқауыл қойылып, мал басының сақталуы қамтамасыз етілді.
