Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

БҚО-да ерлігі ұлықталған полицейдің есімі "Жас сақшы" сыныбына берілді

БҚО-да қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан полицейдің есімі берілген "Жас сақшы" сыныбы ашылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Батыс Қазақстан облысы Тасқала ауданындағы Қаныш Сәтбаев атындағы мектеп-гимназиясында жаңа "Жас сақшы" сыныбы салтанатты түрде ашылды. Сыныпқа қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан полиция қызметкері Сайын Ахметқалиевтің есімі берілді.

Бүгінде Батыс Қазақстан облысында 13 "Жас сақшы" сыныбы жұмыс істейді. Жуырда жас сақшылар арасында өткен "Айбынды сақшылар додасы" спорттық эстафетасы оқушылардың командалық рухын нығайтып, патриоттық тәрбиесі мен салауатты өмір салтын насихаттауға ықпал етті.

Сынып есімі берілген Сайын Ахметқалиев Алматы милиция мектебін тәмамдағаннан кейін еңбек жолын Фурманов ауылында (қазіргі Жалпақтал) тергеуші болып бастаған. Кейін Тасқалада (бұрынғы Камен) аға тергеуші және кезекші инспектор қызметтерін атқарған. 1979 жылы қызметтік міндетін орындау кезінде қарулы қылмыскердің қолынан қаза тапқан.

Салтанатты шараға марқұмның отбасы атынан інісі Біржан Кужаков, ұлы Бақытжан мен қызы Айгүл қатысты. Олар әкелерінің есімі ұлықталып, жас ұрпаққа үлгі ретінде дәріптелгеніне ризашылықтарын білдіріп, жас сақшыларға ақ тілектерін арнады.

Іс-шараға құрметті ардагерлер, аудан әкімі, аудан прокуроры және білім беру бөлімінің басшылығы да қатысты.

БҚО ПД бастығының орынбасары Қадыржан Сағын өз сөзінде "Жас сақшы" сыныбының өскелең ұрпақты отансүйгіштікке, тәртіп пен жауапкершілікке тәрбиелеудегі маңызын атап өтті. Ол оқушыларды білімге ұмтылып, болашақта елге адал қызмет ететін азамат болуға шақырды.

Салтанатты рәсім барысында 8-сыныптың 16 оқушысы "Жас сақшы" қатарына қабылданды. Олар Отанға адал қызмет етуге, заң мен тәртіпті құрметтеуге, жауапкершілікті жоғары ұстауға және ел игілігі жолында еңбек етуге салтанатты түрде ант берді.

Марқұм полицейдің есімін иеленген жаңа сынып – жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік қасиетті қалыптастырып, құқықтық мәдениетін арттыруға бағытталған маңызды бастама. Бұл – ерлік пен адал қызметтің өнегесін кейінгі буынға жеткізудің тағылымды үлгісі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру