Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Астанада биыл абаттандыру қағидаларын бұзудың 41 мыңнан астам дерегі анықталды

Астанада қалалық ортаның тазалығын сақтау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және тұрғындардың қоғамдық кеңістіктердің жай-күйіне деген жауапкершілігін арттыруға бағытталған “Таза Қазақстан” республикалық бастамасы жалғасуда, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Жыл басынан бері полиция қызметкерлері 41 мыңнан астам құқық бұзушыны әкімшілік жауапкершілікке тартты. Анықталған заң бұзушылықтардың қатарында қоқысты белгіленбеген орындарға тастау, қоғамдық орындарды ластау, сондай-ақ абаттандыру қағидаларын сақтамау фактілері бар.

Жұмыс тек құқық бұзушылықтарды анықтаумен шектелмей, мұндай жағдайлардың алдын алуға да бағытталған. Мәселен, қала аумағында Тілендиев даңғылында жүргізілген тексеру барысында ғимараттың сыртқы қабырғасына граффити салу дерегі анықталды. Аталған факті бойынша құқық бұзушыға қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабының 1-бөлігі бойынша, яғни абаттандыру қағидаларын бұзғаны үшін әкімшілік хаттама толтырылды.

Полиция қала тазалығы мен тәртібі тек коммуналдық қызметтердің жұмысына ғана емес, әрбір тұрғынның жауапкершілігіне де байланысты екенін еске салады. Қоқысты белгіленбеген жерге тастау, ғимараттардың қасбеттеріне жазу жазу және қалалық инфрақұрылым нысандарын бүлдіру елорда келбетіне кері әсер етеді.

Полиция қала тұрғындарын қоғамдық орындарға ұқыпты қарауға, көшелер мен аулаларды ластамауға, абаттандыру қағидаларын сақтауға және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға шақырады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру