Ақтөбеде полиция қала мүлкін бүлдіргендерді жауапқа тартты
Ақтөбеде полиция қала мүлкін бүлдіргендерді жауапқа тартты, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Полиция қызметкерлері вандализм фактілерін, оның ішінде ғимараттардың қасбеттері мен қалалық инфрақұрылым нысандарына заңсыз жазулар жазу деректерін анықтау және жолын кесу бағытында тұрақты түрде жұмыс жүргізуде.
Мәселен, 8 қараша күні жедел басқару орталығының бейнебақылау камералары граффити жазу фактісін тіркеді. Екі кәмелетке толмаған жасөспірім маркермен Орталық саябағындағы Достық аллеясында орналасқан аркаға жазулар қалдырған.
Жасөспірімдер анықталып, полиция бөліміне жеткізілді. Олардың ата-аналары әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Кәмелетке толмағандармен профилактикалық әңгіме жүргізілді.
Полиция мұндай құқық бұзушылықтарды анықтау және жолын кесу жұмыстарын жалғастыруда. Қала тазалығы мен қоғамдық тәртіпті сақтау – әрбір азаматтың ортақ міндеті. Қалалық мүлікті бүлдіру заңда белгіленген жауапкершілікке әкеп соғатынын еске саламыз.
