Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Абай облысында кәмелетке толмағандар жасаған қылмыс саны азайды

Семей қаласында өткен балалар қауіпсіздігі жөніндегі форумда жасөспірімдер арасындағы қылмыстың, буллинг пен суицидтік мінез-құлықтың алдын алу және тәуекел тобындағы балаларды қолдау мәселелері талқыланды. Форумға Абай облысы әкімінің орынбасары Мейірлан Раханов төрағалық етті. Жиынға Семей қаласындағы мектеп директорлары, педагогтер, полиция және прокуратура өкілдері қатысты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Абай облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Жасұлан Байкенов мектеп басшыларына кәмелетке толмағандардың қатысуымен жасалған құқық бұзушылықтар туралы мәлімдеді. Департамент деректеріне сәйкес, кәмелетке толмағандар жасаған қылмыс саны 45-тен 41-ге дейін төмендеп, 9 пайыз азайған.

– Біздің ортақ міндетіміз – мәселені ерте кезеңде анықтап, балаға қажетті көмекті уақытылы көрсетуге мүмкіндік беретін профилактикалық жүйені қалыптастыру. Сондай-ақ зорлық-зомбылықтың немесе құқыққа қайшы әрекеттердің әрбір дерегіне тиісті шара қолданылуы тиіс, – деді Жасұлан Байкенов.

Жыл басынан бері облыста кәмелетке толмағандардың қатысуымен жасалған 6 440 құқық бұзушылық анықталған. Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына 458 жасөспірім жеткізіліп, бесеуі арнайы білім беру ұйымдарына жіберілген. Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссиялардың қарауына 142 материал жолданған.

Форумда білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік мәселесі де жеке қаралды. Облыстағы 311 мектептің барлығында дабыл түймелері мен күзет дабыл жүйелері орнатылған. Мектептерде өткізу режимі, бейнебақылау жүйелерінің және басқа да техникалық қауіпсіздік құралдарының жұмысы тұрақты түрде тексеріледі.

Талқылауға Семей қаласында болған, қоғам назарын аударған оқиға да негіз болды. Форум барысында жасөспірімдер арасындағы жанжалдардың алдын алу, оларды ерте кезеңде анықтау, сондай-ақ мектеп, ата-ана және полиция арасындағы өзара іс-қимыл мен ақпарат алмасуды жеделдетудің маңыздылығы атап өтілді.

Қатысушылар отбасының рөліне де ерекше назар аударды. Ата-аналар баласының кіммен араласатынын, бос уақытын қалай өткізетінін біліп, мінез-құлқындағы өзгерістерді дер кезінде байқап, қажет болған жағдайда мамандардың көмегіне жүгінуі маңызды. Ал мектептер мен тиісті қызметтер буллинг пен зорлық-зомбылық туралы хабарламаларға уақытылы әрекет етіп, балаға қажетті қолдау көрсетуі қажет.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру