Маңғыстауда полицейлер камералар арқылы 320 қылмыстың бетін ашты
Маңғыстауда 10 айда 320 қылмыс бейнебақылау камералары арқылы ашылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Маңғыстау облысында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында цифрлық технологиялардың мүмкіндіктері тиімді пайдаланылуда.
Биылғы жылдың 10 айында "102" жедел басқару орталығына 290 234 хабарлама келіп түскен. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,5 пайызға аз.
Сонымен қатар бейнебақылау камераларының көмегімен 320 қылмыс ашылып, 56 436 әкімшілік құқық бұзушылық анықталған.
"Таргитай" бет-әлпетті тану жүйесі арқылы іздеуде жүрген 1 615 азамат анықталып, олардың 101-і бойынша тиісті шаралар қабылданған.
Қазіргі таңда облыста Ақтау және Жаңаөзен қалаларында екі жедел басқару орталығы, сондай-ақ бес ауданда шағын басқару орталықтары тәулік бойы жұмыс істейді.
Цифрлық технологияларды қолдану полиция қызметінің жеделдігін арттырып, өңірдегі қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге мүмкіндік беріп отыр.
