Төзімділік пен табандылық сынға түскен дода: ҚАЖ қызметкерінің спорттық жетістігі
14 қарашада Астана қаласында күш-қуат пен төзімділікті, шапшаңдық пен жоғары физикалық дайындықты талап ететін заманауи спорт түрі – Astana Hybrid Race ауқымды жарысы өтті. Спорттық дода белсенді өмір салтын ұстанатын, өз мүмкіндіктерін сынап, физикалық әлеуетін шыңдауды мақсат еткен спорт әуесқойларының басын қосты, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Аталған жарысқа Қарағанды облысы және Ұлытау облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №36 мекеменің кәсіптік, қызметтік және дене шынықтыру даярлығы жөніндегі аға инспекторы Қайдар Жексенбеков қатысты.
Astana Hybrid Race – жүгіру мен күштік-функционалдық жаттығуларды ұштастыратын заманауи спорттық жарыс форматы. Жарыс бағдарламасы сегіз арнайы кезеңнен тұрады. Әр кезеңде қатысушылар белгіленген қашықтықты жүгіріп өтіп, түрлі физикалық жаттығуларды орындауы тиіс. Бұл спортшылардан күш-қуатты, төзімділікті, жылдамдықты, қимыл үйлесімділігін және жоғары деңгейдегі дене дайындығын талап етеді.
Мұндай ауқымды жарыстарға қатысу – тек физикалық мүмкіндіктерді сынау ғана емес, сонымен қатар адамның ерік-жігерін шыңдап, табандылығын, мақсатқа деген ұмтылысын және қиындықтарды еңсере білу қабілетін айқындайтын маңызды тәжірибе.
Қылмыстық-атқару жүйесі қызметкерлері үшін дене дайындығының орны ерекше. Қызметтік міндеттерді мінсіз атқару әрбір қызметкерден жоғары тәртіпті, психологиялық тұрақтылықты, ұстамдылықты, шұғыл шешім қабылдай білуді және физикалық төзімділікті талап етеді. Осы тұрғыдан алғанда, спортпен жүйелі түрде шұғылдану – қызметтік даярлықты жетілдірудің және кәсіби шеберлікті арттырудың маңызды бағыттарының бірі.
Дене шынықтырумен тұрақты айналысу денсаулықты нығайтып қана қоймай, еңбекке қабілеттілікті арттыруға, ерік-жігерді шыңдауға және жауапкершілік қасиеттерін қалыптастыруға ықпал етеді. Ал спорттық жарыстарға белсенді қатысып жүрген қызметкерлердің жеке үлгісі әріптестерін салауатты өмір салтын ұстануға, өздерін жетілдіруге және жаңа белестерді бағындыруға жігерлендіреді.
№36 мекеме қызметкері Қайдар Жексенбековтің Astana Hybrid Race жарысына қатысуы – спорт пен қызметтік даярлықтың өзара тығыз байланысын көрсететін жарқын үлгі. Бұл азаматтың жеке жетістігі ғана емес, сонымен қатар қылмыстық-атқару жүйесі қызметкерлері арасында салауатты өмір салтын насихаттаудың және дене дайындығына деген жауапкершілікті арттырудың маңызын айқындайды.
