Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

БҚО бойынша ҚАЖД мекемесінде домбыра жасау және үйрену үйірмелері жұмыс істейді

Батыс Қазақстан облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №28 мекемесінде тәрбие бөлімінің ұйымдастыруымен сотталғандардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және рухани-адамгершілік қасиеттерін қалыптастыруға бағытталған "Домбыра жасаушылар" және "домбыра үйренушілер" үйірмелері жұмыс істейді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Аталған үйірмелердің басты мақсаты – қазақ халқының баға жетпес мәдени мұрасын насихаттау арқылы сотталғандардың бойында ұлттық өнерге деген құрметті қалыптастыру, олардың еңбек және шығармашылық әлеуетін дамыту.

"Домбыра жасаушылар" үйірмесінің қатысушылары ағаш өңдеудің қыр-сырын меңгеріп, ұлттық музыкалық аспапты жасаудың дәстүрлі тәсілдерімен танысады. Домбыра жасау барысында олар қолөнер дағдыларын жетілдіріп, ұқыптылыққа, шыдамдылыққа және атқарған жұмысына жауапкершілікпен қарауға үйренеді.

Ал "Домбыра үйренушілер" үйірмесінде қатысушылар ұлттық аспапта ойнаудың бастапқы әдістерін меңгеріп, қазақтың халық күйлерімен танысады. Домбыраның қоңыр үні арқылы халқымыздың тарихы мен мәдениетін тереңірек танып, музыкалық қабілеттерін дамытуға мүмкіндік алады.

Бұл екі үйірменің өзара сабақтастығы ерекше мәнге ие. Бірі ұлттық аспапты жасауды үйретсе, екіншісі оны сөйлетіп, қазақтың күй өнерін бойға сіңіруге бағытталған. Осылайша, қатысушылар домбыраның жасалуынан бастап, оның үнін танып, өнер арқылы рухани дүниесін байытуға жол ашады.

Мекеме әкімшілігі сотталғандардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, олардың бойында оң өмірлік көзқарас қалыптастыруға және қоғамға қайта бейімделуіне ықпал ететін тәрбиелік шараларға ерекше көңіл бөледі. Мұндай шығармашылық бастамалар адамның өзін-өзі дамытуына, жаңа қабілеттерді игеруіне және қоғамға пайдалы тұлға ретінде қалыптасуына мүмкіндік береді.

Ұлттық өнерді ұлықтау – өткенге құрмет қана емес, рухани құндылықтарды келер ұрпаққа жеткізудің маңызды жолы. №28 мекемесінде ұйымдастырылған бұл үйірмелер де сотталғандардың шығармашылық әлеуетін арттырып, ұлттық мұраға деген құрметін қалыптастыруға бағытталған тағылымды жұмыстардың бірі болып табылады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру