Пробация қызметінің қолдауы: Павлодар облысының тұрғыны отбасымен қайта қауышты
Пробация қызметінің міндеті тек сотталған азаматтардың жазаны өтеу тәртібін бақылаумен шектелмейді. Оның маңызды бағыттарының бірі – есепте тұрған адамдарға әлеуметтік-құқықтық қолдау көрсету, өмірлік қиындықтарын еңсеруге жәрдемдесу және қоғамға қайта бейімделуіне ықпал ету, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Бұған Павлодар облысы Железин ауданының тұрғынымен болған жағдай дәлел. Бұған дейін мал ұрлығы үшін сотталған азамат пробация қызметінің есебіне алынған. Онымен жүргізілген профилактикалық жұмыстар мен жеке кездесулер барысында қызметкерлер оның қалыпты өмірге оралуына кедергі келтіріп отырған алкогольге тәуелділік мәселесін анықтады.
Жағдайды жан-жақты зерделей келе, азаматты тиісті медициналық мекемеде мәжбүрлеп емдеу туралы шешім қабылданып, ол Павлодар қаласындағы мамандандырылған медициналық мекемеге жіберілді.
Емдеу курсынан өткеннен кейін азамат тұрғылықты жеріне оралып, өмірін жаңадан бастауға мүмкіндік алды. Алкогольден бас тартуы оның өмір салтына, мінез-құлқына және отбасылық қарым-қатынасына оң өзгерістер әкелді. Уақыт өте келе жұбайымен арадағы қарым-қатынасын қалпына келтіріп, бүгінде олар екі баласын бірге тәрбиелеп, отбасылық өмірлерін жалғастырып келеді.
Бұл оқиға пробация қызметінің жұмысындағы жеке көзқарастың, профилактикалық шаралардың және әлеуметтік қолдаудың маңызын айқын көрсетеді. Адамның өміріндегі күрделі мәселелерді дер кезінде анықтап, оларды шешуге бағытталған жүйелі жұмыс оның қоғамға қайта оралуына ғана емес, отбасылық байланыстарын қалпына келтіруіне де жол ашады.
Өйткені пробацияның басты мақсаты – жазаны орындату ғана емес, адамның түзелуіне мүмкіндік беріп, оны қоғамның толыққанды мүшесі ретінде қайта қалыптастыруға ықпал ету.
