Абай облысында профилактикалық рейд кезінде 106 құқық бұзушылық тіркелді
Абай облысына қарасты Березовский кентінде "Бірыңғай профилактика күні" аясында кешенді рейд ұйымдастырылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Семей қаласының полиция қызметкерлері қоғамдық тәртіпті бақылап, құқық бұзушылықтардың алдын алу және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында бірқатар шара атқарды.

Іс-шара барысында полицейлер көшелер мен жолдарды тексеріп, заңсыз қоқыс орындарын анықтау үшін ұшқышсыз ұшу аппаратын пайдаланды. Дрон арқылы анықталған заңбұзушылықтар бойынша материалдар тиісті уәкілетті органдарға жолданды.

Учаскелік полиция инспекторлары кенттегі алты көпқабатты үйдің пәтерлерін аралап, Фабричный тұйық көшесі мен Заозерная көшесінің тұрғындарымен кездесті. Кездесу барысында интернет-алаяқтықтан сақтану жолдары түсіндірілді. Сонымен қатар тұрғындарға учаскелік инспекторлардың байланыс нөмірлері мен пайдалы кеңестер жазылған жадынамалар таратылып, кіреберістер мен дүкендерге орналастырылды.

Рейд қорытындысы бойынша 106 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 11 адам қоғамдық орындарда алкоголь ішкені және мас күйде жүргені үшін, үшеуі отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтары үшін, тағы біреуі есірткі заттарын медициналық емес мақсатта тұтынғаны үшін жауапқа тартылды. Отбасылық-тұрмыстық құқық бұзушылық жасаған үш азамат профилактикалық есепке алынды.
Бұдан бөлек, полиция қызметкерлері 16 қару иесінің қаруды сақтау және тіркеу талаптарын сақтауын тексерді. Тексеру нәтижесінде бір азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ бес дүкендегі күзеттің ұйымдастырылу жағдайы тексеріліп, профилактикалық есепте тұрған адамдар тұрғылықты мекенжайлары бойынша араланды.
Аталған іс-шараның мақсаты – құқық бұзушылықтардың алдын алу, әкімшілік заңбұзушылықтарды анықтау, профилактикалық есептегі азаматтарды бақылау және тұрғындармен байланысты нығайту арқылы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету.
