Түркістан облысында 500-ге жуық оқушыға құқықтық түсіндіру жұмыстары жүргізілді
Түркістан облысында 500-ге жуық оқушыға құқықтық түсіндіру жұмыстары жүргізілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысының Сайрам ауданында жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған профилактикалық кездесу өтті.
Іс-шара Сәкен Сейфуллин атындағы №20 жалпы білім беретін мектепте ұйымдастырылды. Оған аудандық полиция басқармасы Қоғамдық қауіпсіздік бөлімінің бастығы Азамат Сәрсенқұлов бастаған полиция қызметкерлері, білім бөлімі мен прокуратура өкілдері қатысты.
Кездесу барысында 500-ге жуық оқушыға жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу, ерте жүктілік, есірткіге тәуелділік, интернет-алаяқтық және отбасындағы зорлық-зомбылық мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Полиция қызметкерлері заң талаптарын бұзудың салдары мен кәмелетке толмағандардың құқықтық жауапкершілігіне тоқталды. Сонымен қатар оқушыларға күмәнді ұсыныстардан сақтану, жеке қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарау жөнінде кеңестер берілді.
Полиция жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттыру және олардың құқық бұзушылыққа баруының алдын алу бағытындағы профилактикалық жұмыстарды жалғастырады.
