Қызылордада биыл дрондардың көмегімен 1768 құқық бұзушылықтың жолы кесілді
Қызылордада биыл дрондардың көмегімен 1768 құқық бұзушылықтың жолы кесілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазақстан Республикасында 2026 жыл "Цифрландыру және жасанды интеллект жылы" деп жариялануына байланысты қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында заманауи цифрлық технологияларды қолдану жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Осы мақсатта Қызылорда облысы полиция департаментінің жедел басқару орталығында "Қазақтелеком" АҚ-мен бірлесіп, ұшқышсыз ұшу аппараттары – дрондар арқылы қоғамдық тәртіпке бақылау жүргізілуде.
Аталған технологиялар қоғамдық орындардағы ахуалды әуеден бақылауға, құқық бұзушылықтарды жедел анықтауға және олардың жолын кесуге мүмкіндік береді.
Жыл басынан бері дрондардың көмегімен 1 768 әкімшілік құқық бұзушылық дерегі тіркелді. Олардың қатарында қоғамдық орындарды ластау, алкогольдік масаң күйде жүру және жол қозғалысы қағидаларын бұзу фактілері бар.
Дрондарды пайдалану әсіресе тұрғындардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін құқық бұзушылықтарды дер кезінде анықтап, тиісті шаралар қабылдауға мүмкіндік береді.
Қызылорда облысының полициясы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу және азаматтардың тыныштығын қорғау бағытында заманауи технологияларды қолдануды жалғастырады.
