Алматыда болашақ тергеушілердің кәсіби форумы өтті
Алматыда болашақ тергеушілердің кәсіби форумы өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы қаласы полиция департаментінде "Болашақ тергеушілер" форумы ұйымдастырылды. Оған қаладағы жоғары оқу орындарының заң факультеттерінде білім алып жатқан төртінші курс студенттері қатысты.
Іс-шараның мақсаты – болашақ заңгерлерді ішкі істер органдарының қызметімен таныстыру, тергеуші мамандығының ерекшеліктерін көрсету және теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастыруға мүмкіндік беру.
Форум аясында студенттер жедел басқару орталығына барып, қаладағы жедел ахуалды бақылау, бейнебақылау жүйелерінің жұмысы және полиция күштерін үйлестіру тәртібімен танысты. Сондай-ақ қалалық полиция басқармаларының біріне барып, қызметкерлердің күнделікті жұмыс барысын бақылады.
Бағдарламаға сәйкес полиция департаментінің музейіне экскурсия ұйымдастырылды. Онда жастар ішкі істер органдарының тарихы, қалыптасқан дәстүрлері мен отандық полицияның кәсіби мұрасы туралы мәлімет алды.
Форумның маңызды бөлігі полиция департаменті бастығының орынбасары Рүстам Шәрібаевпен өткен кездесуге арналды. Ашық форматтағы әңгіме барысында болашақ мамандардың кәсіби қалыптасуы, тергеушінің жауапкершілігі, принципшілдігі және мамандыққа адалдығы талқыланды.
- Тергеуші болу – жай ғана мамандық емес. Бұл – қоғам мен әрбір адамның құқығы мен заңды мүддесін қорғау жолындағы үлкен жауапкершілік. Азаматтардың заңға деген сенімі сіздердің біліміңізге, әділдігіңізге, принципшілдігіңізге және дұрыс шешім қабылдай білу қабілеттеріңізге байланысты. Сондықтан бүгіннен бастап тек теориялық білім алып қана қоймай, кәсіби ойлау қабілетін қалыптастырып, жоғары адамгершілік қасиеттер мен заңға құрметті бойға сіңіру маңызды, – деді Рүстам Шәрібаев.
Форум болашақ заңгерлер мен полиция қызметкерлері арасындағы тәжірибе алмасу және кәсіби бағдар беру алаңына айналды. Студенттер тергеуші мамандығының ерекшеліктерімен жақынырақ танысып, оның талаптары мен жауапкершілігін тереңірек түсінді.
