БҚО-да сотталғандарға кітап оқуды насихаттау мақсатында іс-шара өткізілді
Батыс Қазақстан облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №28 мекемесінде сотталғандар арасында кітап оқуды насихаттау, олардың зияткерлік және рухани-адамгершілік деңгейін арттыру мақсатында "Шекарасыз оқу" жобасы аясында тақырыптық іс-шара өткізілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шара мекеме кітапханасында ұйымдастырылды. Шараға арнайы қонақ ретінде Жұбан Молдағалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының өкілдері қатысты.
Іс-шара барысында қатысушылар кітап пен оқудың адам өміріндегі маңызы, дүниетанымды кеңейтудегі, оң өмірлік құндылықтарды қалыптастырудағы және тұлғалық дамудағы рөлі туралы пікір алмасты. Сонымен қатар көркем, танымдық және әлеуметтік бағыттағы әдебиеттерге ерекше назар аударылды.
Шақырылған кітапхана өкілдері өз тәжірибелерімен бөлісіп, кітап оқуды насихаттаудың маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ кітаптың білім көзі, рухани байлық пен өзін-өзі жетілдірудің маңызды құралы екеніне тоқталды.
"Шекарасыз оқу" жобасы сотталғандармен жүргізілетін тәрбие және профилактикалық жұмыстардың маңызды бағыттарының бірі болып табылады. Жобаны жүзеге асыру заңға бағынушылық мінез-құлықты қалыптастыруға, құқықтық сауаттылықты арттыруға, адамгершілік қасиеттерді дамытуға және бостандыққа шыққаннан кейін қоғамға ойдағыдай бейімделуге ықпал етеді.
Осындай іс-шаралар сотталғандарды қоғамның мәдени және рухани құндылықтарына баулып, кітаптың шекарасы жоқ екенін және әрбір адамның жақсы жаққа өзгеруге мүмкіндігі бар екенін көрсетеді.
